Мұғалімдерге жүктелген қосымша жұмыстар енді табыс көзіне айналып жатыр ма? Әлеуметтік желіде «Балажан» платформасына оқушылардың мәліметтерін енгізіп беруді ұсынған жазба қызу пікірталас туғызды. Біреулер бұл қызметке ақша төлеуге дайын екенін айтса, енді біреулер балалардың жеке деректерін бөгде адамдарға берудің қауіптілігін ескертті, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде «Балажан» платформасына қатысты ерекше ұсыныс жарияланды. Жазба авторы мұғалімдердің орнына оқушылар туралы мәліметтерді енгізіп беруге дайын екенін айтып, қызметінің бағасын да көрсеткен.
«Мұғалімдееер! Балажан толтырып беремін, баааарлық информациямен!!! 1 бала 200 ақ теңге, зато қанша уақыт эконом. Егер тек список толтыру керек болса, 2000-ақ теңге бір сынып», — деп жазған ол.
Яғни ұсыныс бойынша бір оқушының мәліметін енгізу 200 теңгеге, ал бір сыныптың тізімін толтыру 2000 теңгеге бағаланып отыр.
Жазба авторы мұғалімдердің уақытын үнемдеуге көмектесетінін алға тартқан.
Алайда бұл ұсыныс желі қолданушыларын екіге бөлді. Біреулер қызметті пайдалануға қызығушылық білдірсе, өзгелері оқушылар мен олардың отбасыларына қатысты мәліметтерді бөтен адамға тапсырудың қаншалықты дұрыс екенін сұрады.
«Нөміріңізді айтыңызшы»: ұсынысқа қызығушылар табылды
Пікірлер арасында ақылы қызметті пайдалануға ниет білдіргендер де бар.
«Нөміріңізді айтсаңыз жақсы еді», — деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі де байланыс нөмірін сұраған.
Ал жазба авторының өзі мұндай ұсынысқа мұғалімдердің көпшілігі қызығушылық таныта бермейтінін айтқан.
«Көбісі өзі істегісі келмейді. Маған мұғалімдер өздері ұсынған баға. Тіпті тізімнің ішіне «мұғалімді бақылау» да кіреді», — деп жазған ол.
Осы пікірден кейін ұсыныстың мазмұнына қатысты тағы бір сауал туындайды. Мұғалімдердің жұмысына байланысты бақылау мәліметтері де ақылы қызмет аясында өңделе ме?
Жазбадағы бұл тұжырымның нақты нені білдіретіні түсіндірілмеген.
«Бір сыныпқа 2000 теңге алу — тонау!»
Ұсынысты сынағандар да табылды.
«Тізім толтыруға 2000 теңге?! Тонау ғой! Word-тан түгел сыныпты көшіріп, қоя саласың. Бір-екі рет бассаң болды», — деп жазған пікір иесі қызмет бағасына наразылық білдірген.
Басқа қолданушы да мұндай жұмысты мұғалімдердің өздері орындай алатынын айтқан.
«Курс барысында өзіміз-ақ толтырдық. 20 баланы бір сағатта», — деген ол.
Ал жазба авторы бұған:
«Өз қалауыңыз», — деп жауап берген.
Осылайша, пікірталаста бір тарап ұсынылған қызметті уақыт үнемдеудің жолы деп қарастырса, екінші тарап қарапайым мәлімет енгізу жұмысына ақы алудың қажеттігіне күмән келтірген.
«Балалардың мәліметтерін бөтен адамға беру заңсыз»
Пікірталастың ең өзекті тұсы қызметтің бағасына емес, оқушылардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты болды.
«Бұл заңсыз, мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге болмайды», — деп ескерткен қолданушылардың бірі.
Оған дейін тағы бір пікір иесі:
«Ойбай, біреуге бұлай көмектесуге кеңес бермеймін», — деген пікір қалдырған.
Жазба авторы мұндай ескертуге таңғалып, себебін сұраған.
Бұл алаңдаушылықтың негізі бар. Өйткені оқушының аты-жөні, туған күні, мекенжайы, ата-анасына қатысты мәліметтер жеке деректер санатына жатуы мүмкін. Оларды жинау, өңдеу және үшінші тұлғаларға беру заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
Сондықтан мұғалімнің жұмысын жеңілдету мақсатында бөгде адамға оқушылардың мәліметтерін ұсыну мәселесі тек екі тараптың келісімімен шешіле салатын шаруа емес.
Алайда жарияланған жазбада нақты қандай деректер сұралатыны, оларды өңдеуге қандай құқықтық негіз бар екені және мәліметтердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні айтылмаған.
Сондай-ақ жазба авторының бұл қызметті іс жүзінде көрсеткені немесе қандай да бір оқушының мәліметін алғаны туралы дәлел ұсынылмаған.
«Балажан» мұғалімнің жұмысын жеңілдетті ме, әлде жаңа міндет жүктеді ме?
Бұған дейін де әлеуметтік желілерде «Балажан» платформасына қатысты педагогтердің наразылығы жарияланған болатын.
Мұғалімдер ата-аналардың отбасылық жағдайына, балалар туралы мәліметтерге және түрлі тіркеу жұмыстарына уақыт жұмсауға мәжбүр екенін айтып шағымданған.
Енді осы мәліметтерді ақылы түрде енгізіп беру жөніндегі ұсыныстың пайда болуы мәселенің басқа қырын көрсетті.
Жазба авторы мұғалімдерге уақыт үнемдеуді ұсынады. Ал кейбір қолданушылар оның қызметіне ақы төлеуге дайын екенін білдірген.
Бірақ мұндай ұсыныстың өзі маңызды сауал туғызады: егер платформа мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге арналған болса, неге оны толтыру үшін басқа адамның көмегіне жүгіну қажеттігі туындап отыр?
Бұған қоса, оқушылардың жеке мәліметтерімен жұмыс істеу жауапкершілігі кімге жүктелетіні де маңызды.
Threads желісіндегі бұл пікірталас «Балажан» платформасын толтыруға кететін уақытты ғана емес, білім саласындағы цифрландыру мен балалардың жеке деректерін қорғау мәселесін қатар көтерді.
