"Бұйрығы орындалмайтын министрлік": Ардагер ұстаз А.Аймағамбетов пен "Әділет" партиясына маңызды үндеу жасады

"Бұйрығы орындалмайтын министрлік": Ардагер ұстаз А.Аймағамбетов пен "Әділет" партиясына маңызды үндеу жасады
Ардагер ұстаз, танымал педагог Өмір Шыныбекұлы ҚР Құрылтайындағы «Әділет» партиясының фракциясы мен Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовке үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
 
ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі Өмір Шыныбекұлы өз үндеуінде: "11 жыл бұрын Білім Басқармаларын тікелей министрлікке бағындыру туралы сол кездегі министр А.Сәрінжіповке жолдаған бастамам қолдау таппады.
 
Ендеше, осы проблемаға басқа қырынан қарап көрейік...
 
МИНИСТРДІҢ БҰЙРЫҒЫ ОРЫНДАЛМАСА, КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?
 
Білім беру саласындағы өкілеттік пен жауапкершілік арасы неге алшақ?
 
Мемлекеттік басқаруда "Кімге жауапкершілік жүктелсе, сол адамда немесе органда сол жауапкершілікті қамтамасыз ететін нақты өкілеттік те болуы керек"- деген қарапайым қағида бар.
 
Бұл қағида білім беру саласына келгенде қаншалықты сақталады?
 
Мәселен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі белгілі бір міндетті орындау туралы заңды шешім қабылдады делік. 
 
Бірақ облыстық білім басқармасының басшысы оны орындамады.
 Немесе аудандық білім бөлімінің басшысы министрліктің заңды талабына тиісті деңгейде жауап бермеді. 
Ал мектеп директоры министрлік анықтаған кемшілікті жоймады.
 
Сонда "Министрліктің бұйрығын кім орындатуға тиіс және оны орындамаған басшыға кім нақты жауапкершілік қолданады?" - деген қарапайым сұрақ туындайды. 
 
Бұл – бір ғана лауазымды тұлғаның тәртібі туралы мәселе емес.
Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей қатысты мәселе.
 
Министрлік бар. Өкілеттік бар. Бірақ ықпал ету тетігі жеткілікті ме?
 
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын қамтамасыз ету және бірқатар басқа бағыттар бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган болып табылады. Салалық басшылық пен салааралық үйлестіру міндеті министрлікке жүктелген.
 
Яғни министрлік білім беру саласындағы ортақ мемлекеттік саясаттың орындалуына жауап береді. Алайда білім беру жүйесі тек Астанадағы министрлік ғимаратынан басқарылмайды.
 
Нақты шешімдердің едәуір бөлігі өңірлерде қабылданады. 
Облыстық білім басқармалары, аудандық және қалалық білім бөлімдері, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар күнделікті жұмысты сол жерде ұйымдастырады.
 
Демек, орталық органның саясаты төменгі деңгейдегі нақты орындаушылардың іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. Мәселенің түйіні де осында.
 
Саясатқа бір орган жауап береді, ал оны орындауға басқа деңгейдегі органдар мен басшылар жауап береді. Егер олардың арасындағы ықпал ету тетігі нақты жұмыс істемесе, жауапкершілік жүйесінде бос кеңістік пайда болады.
 
Министрдің бұйрығының бәрі бірдей ме?
 
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Күнделікті қолданыста «министрдің бұйрығы» деген ұғым бір ғана құқықтық мағынаны білдіретіндей қабылданады. 
Бірақ іс жүзінде министрдің актісінің құқықтық табиғаты маңызды.
 
Ол нормативтік құқықтық акт болуы мүмкін, белгілі бір адресатқа арналған жеке әкімшілік шешім болуы мүмкін немесе ішкі ұйымдастырушылық сипаттағы акт болуы мүмкін.
 
Сондықтан «министрдің кез келген бұйрығын барлық білім беру ұйымдары міндетті түрде орындауға тиіс» деген жалпылама тұжырым құқықтық тұрғыдан дәл бола бермейді.
 
Алдымен үш мәселені анықтау қажет:
Біріншіден, бұйрық қандай құқықтық акт?
Екіншіден, оның нақты адресаты кім?
Үшіншіден, сол актіні орындауға міндетті тұлға кім және оның орындамауы қандай құқықтық салдарға әкеледі?
 
Осы сұрақтарға жауап бермей тұрып, кез келген орындамауды автоматты түрде тәртіптік құқық бұзушылық деп бағалау дұрыс емес.
 
Ең күрделі мәселе – кадрлық өкілеттікте
 
Көп жағдайда жұртшылықтың түсінігінде министрлік белгілі бір білім басқармасының басшысын немесе мектеп директорын тексерсе, оның қызметінен босатуға да құқығы бар сияқты көрінеді.
 
Бірақ мемлекеттік басқару жүйесінде бақылау өкілеттігі мен кадрлық өкілеттік әрдайым бір органның қолында бола бермейді. Бұл – мәселенің ең маңызды тұсы.
 
Мысалы, «Білім туралы» заңда уәкілетті білім беру органының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босатуды келісу өкілеттігі көзделген. Бұл – министрліктің кадрлық ықпалы мүлдем жоқ деген сөз емес.
Керісінше, заңда белгілі бір кадрлық ықпал ету тетігі бар. Бірақ келісу құқығы мен тікелей тағайындау немесе қызметтен босату құқығы – бір нәрсе емес.
 
Осы айырмашылықты мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті талдағанда ескеру қажет. Ал мектеп директоры ше? Мектеп директорының жағдайы да дәл осындай.
 
Қазіргі қолданыстағы қағидалар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату тәртібін жеке реттейді. Бұл тәртіп 2025 жылғы Оқу-ағарту және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің бірлескен №57 және №96 бұйрықтарымен бекітілген және 2026 жылы оған өзгерістер енгізілген. Сондықтан министрлік мектеп директорының жұмысына бақылау жасаған жағдайда да, «министр анықтады – министр жұмыстан шығарды» деген тікелей схема барлық жағдайда қолданылмайды.
 
Басшыны кім тағайындайды?
Оны қызметтен босату құқығы кімде?
Еңбек шарты кіммен жасалған?
Ол тұлға мемлекеттік қызметші ме, әлде білім беру ұйымының бірінші басшысы ретінде еңбек қатынасында ма?
 
Міне, құқықтық жауапкершілік дәл осы сұрақтарға байланысты анықталады.
 
Ендеше министрлік не істей алады?
 
Министрліктің ықпалы тек «бұйрық шығарумен» шектелмейді. Оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ол мемлекеттік саясатты қалыптастырады, нормативтік реттеуді жүзеге асырады, салааралық үйлестіру жүргізеді, жергілікті білім беру органдарының қызметін үйлестіру мен бақылауға қатысады және заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
 
Егер заңды талаптың немесе тапсырманың орындалмағаны анықталса, мәселе құқықтық тұрғыдан бағалануға тиіс.
 
Егер әрекетте тәртіптік теріс қылықтың белгілері болса, жауапты тұлғаны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі қаралуы мүмкін. 2026 жылғы жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы және кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы тәртіптік теріс қылық ретінде қарастырылған.
 Заң тәртіптік жазалардың бірнеше түрін көздейді, оның ішінде мемлекеттік лауазымнан шығару да бар.
 
Бірақ мұнда тағы бір принципті мәселе бар: тәртіптік жазаны кез келген бақылаушы орган емес, заң бойынша тиісті өкілеттігі бар лауазымды тұлға немесе орган қолданады.
 
Демек, министрлік бұзушылықты анықтауы мүмкін, бірақ нақты тәртіптік жазаны кім қолданатыны – бөлек құқықтық мәселе. Мәселенің күрделілігі де осында.
 
СОНДА ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЙ ЖЕРДЕ ҮЗІЛЕДІ?
 
Басқару жүйесін қарапайым түрде елестетіп көрейік. Министрлік белгілі бір талап қояды. Талап өңірлік білім басқармасына жетеді. Өңірлік орган оны аудандық деңгейге береді. Аудандық орган мектепке немесе балабақшаға жеткізеді.
Мектеп немесе балабақша басшысы орындауға тиіс.
 
Егер бәрі орындалса, жүйе жұмыс істейді. Ал орындалмаса ше? Министрлік бұзушылықты анықтайды. Құжат сұратады. Бақылау жүргізеді. Түсініктеме талап етеді. Құқықтық баға береді.
 
Бірақ соңғы кадрлық шешім басқа органның құзыретінде болуы мүмкін.
 
Сонда министрліктің бақылау қорытындысы мен нақты кадрлық шешімнің арасында бір институционалдық буын пайда болады.
 
Бұл буын әрдайым проблема емес. Өйткені билікті бөлу, өкілеттіктерді нақты ажырату – құқықтық мемлекеттің маңызды қағидасы.
 
Бірақ егер осы буында жауапкершілікті қараудың нақты әрі міндетті рәсімі болмаса, онда бақылаудың нәтижесі қағаз жүзіндегі ұсынысқа айналып кетуі ықтимал.
 
Мәселе дәл осы жерде. Бізге министрлікті «күшейту» керек пе? Бұл жерде бірден «министрлікке барлық директорларды жұмыстан шығару құқығын берейік» деген ұсыныс жасау оңай. Мәселенің шешімі міндетті түрде осындай орталықтандыруда да емес. Барлық мектеп директорын, балабақша басшысын, аудандық және облыстық білім басқармаларының басшыларын бір министрліктің тікелей кадрлық басқаруына беру объективті және субъективті факторлар әсерінен әзірге мүмкін болмай тұр.
 
Ендеше, мәселені басқаша қойып көрейін.  Министрліктің құзыретін шексіз кеңейту емес, қолданыстағы құзыреттің нәтижелілігін қамтамасыз ету керек.
 
Яғни министрлік заңды талап қойды ма? Оның орындалмағаны ресми түрде анықталды ма? Бұзушылыққа құқықтық баға берілді ме? Егер тәртіптік немесе кадрлық жауапкершілік мәселесін қарауға негіз болса, сол мәселе уәкілетті органда міндетті түрде қарала ма? Міне, заңнамалық өзгерістің негізгі нүктесі осында болуы керек.
 
Меніңше, заңнамалық деңгейде ең алдымен мынадай механизм қарастырылуы қажет.
 
Егер Оқу-ағарту министрлігі өз құзыреті шегінде жүргізген бақылау немесе талдау нәтижесінде білім беру саласындағы лауазымды тұлғаның заңды талаптарды орындамағанын анықтаса, министрлік тиісті қорытындыны сол тұлғаны тағайындауға немесе қызметтен босатуға құқығы бар уәкілетті органға енгізуге тиіс. Ал уәкілетті орган бұл ұсынысты жай ғана «ақпарат үшін» қабылдап қоймай, оны заңда белгіленген мерзімде міндетті түрде қарауы керек.
 
Қарау нәтижесі бойынша:
– тәртіптік жауапкершілікке тарту;
– кадрлық шара қолдану;
– бұзушылықты жою жөнінде міндет қою;
– немесе жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деп тану туралы уәжді шешім қабылдануға тиіс.
 
Егер жауапкершілікке тартудан бас тартылса, оның құқықтық негізі көрсетілуі керек. Осы шешім туралы министрлікке жазбаша ақпарат берілуі қажет.
Сонда басқару жүйесінде "заңды талап → орындамау → бақылау → құқықтық бағалау → уәкілетті органға ұсыныс → міндетті қарау → уәжді шешім → министрлікке ақпарат" секілді нақты тізбек қалыптасады. Бұл жерде министрлік басқа органның өкілеттігін тартып алмайды. Бірақ оның бақылау нәтижесінің «жоғалып кетуіне» жол берілмейді.
 
Бұл не үшін маңызды?
 
Білім беру саласында кез келген проблема үшін орталық органға сұрақ қою жиі кездесетіні сізге жақсы таныс, Асқат Қанатұлы.
 
Мектептегі жағдай нашар болса – министрлікке сұрақ. Мұғалімнің құқығы бұзылса – министрлікке сұрақ. Баланың қауіпсіздігіне қатысты мәселе туындаса – министрлікке сұрақ. Білім сапасы төмендесе – министрлікке сұрақ.
 
Бұл түсінікті. Өйткені азамат үшін мемлекеттік аппараттың ішкі бөлінісі аса маңызды емес.  Азамат нәтижені күтеді.
 
Бірақ мемлекеттік басқарудың ішкі логикасы басқа.
 
Егер министрлік нәтижеге жауап берсе, ал сол нәтижеге тікелей әсер ететін кадрлық және ұйымдастырушылық тетіктер басқа деңгейде болса, онда жауапкершілік пен өкілеттік арасында алшақтық пайда болады.
 
Осы алшақтықты жою – басқаруды орталықтандыру деген сөз емес. Бұл – жауапкершіліктің нақты адресатын белгілеу деген сөз.
 
«Министрдің бұйрығын орындамау» жай ғана тәртіп мәселесі емес 
 
Бұл мәселені тек бір директордың немесе бір бөлім басшысының тәртібі ретінде қарастыру да дұрыс емес. Егер мемлекеттік органның заңды талабы жүйелі түрде орындалмаса, бұл мемлекеттік басқарудың беделіне әсер етеді.
 
Заңды талаптың орындалуы нақты құқықтық салдарға байланысты болуы тиіс. Әйтпесе мемлекеттік басқаруда бүгін «Министрлік талап етті. Бірақ орындамасақ та, нақты ештеңе болмайды» деген қауіпті түсінік қалыптасып отыр.
 
Мұндай түсінік қалыптасқан жерде кез келген басқарушылық жүйенің тиімділігі төмендейді. Сондықтан мәселе бір министрдің беделінде емес. Мәселе – мемлекеттік басқару шешімінің орындалу қабілетінде.
 
Мәселе министрлікті күшейтуде емес, жүйені жауапты етуде
 
Қазақстанның білім беру жүйесіне бүгінде тек жаңа бағдарламалар немесе жаңа бұйрықтар ғана емес, басқару жауапкершілігінің айқын механизмі де қажет.
 
Оқу-ағарту министрлігінің өкілеттігі жоқ дегеніміз артық болар.
Керісінше, заңнамада оған елеулі реттеушілік, үйлестірушілік және бақылаушылық өкілеттіктер берілген. Бұған қоса, білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын тағайындау мен босатуды келісуге қатысты арнайы заңнамалық өкілеттігі де бар. Мәселе басқа. Министрлікке жүктелген жауапкершілік пен оның жергілікті деңгейдегі орындаушыларға ықпал ету тетіктері әрдайым бір нүктеде түйісе бермейді.
 
Сондықтан Парламент деңгейінде қаралуы тиіс мәселе – министрлікке барлық кадрлық өкілеттікті беру емес.
 
Мәселе – министрліктің заңды талаптарын орындамау фактісі анықталған кезде оның құқықтық және кадрлық салдарға ұласуын қамтамасыз ететін міндетті рәсімді заңмен бекіту.
 
Бақылау қорытындысы жауапсыз қалмауы керек.
Министрліктің заңды талабы жай ғана ұсыныс деңгейінде қалмауы керек. Ал жауапкершілік мәселесі қаралса, оның нәтижесі міндетті түрде уәжді шешіммен аяқталуы тиіс.
 
Өйткені мемлекеттік басқарудың ең маңызды сұрағы «Кім бұйрық шығарды?» емес. «Оны кім орындауға тиіс және орындалмаған жағдайда кім жауап береді?»
 
Егер осы екі сұрақтың жауабы заңда анық болса, басқару жүйесі де әлдеқайда түсінікті болады", -деп мәлімдеді. 
 
 
Барлық жаңалықтар