"Бұл еліміз үшін қауіпті": Министр Жұлдыз ханым, жеті минутыңызды бөліңізші!

"Бұл еліміз үшін қауіпті": Министр Жұлдыз ханым, жеті минутыңызды бөліңізші!

Таяуда Democrat.kz. ақпараттық порталына "Оқушыға көбінесе өтірік баға қойылады: Белсенді ұстаз сауатсыздық жайлаған қоғамның басты себебін айтты"деген тақырыппен мақала жарияланған еді. 

Осы мақалада айтылған "пайыздық көрсеткіш үшін оқушының бағасы "өтірік" қойылатынын" әлеуметтік желіде талқылау рекордтық көрсеткішке жетті десек болады. (Өкінішке қарай, осы проблеманы көтерген мұғалімнің аты-жөнін көрсетпей, тақырыбын ауыстыруға тура келді. Себеп, сол баяғыша, "шіріген жұмыртқаны жасырып ұстағысы"келетін басшы- қосшылардың қарапайым мұғалімге қысым жасай бастауы болды

Facebook-тағы бір ғана Мәриям Кенесарының парақшасында аталмыш мақалаға орай пікір жазған оқырманның 99,9 пайызы қазіргі кезде рейтинг үшін оқушылардың бағасы "қолдан шимайланатынын" ашық айтып, ел ертеңіне алаңдаушылығын білдіруде. 

Сонымен қатар пікір жазғандардың басым бөлігі педагогтар екенін ескерсек, басқа емес, мұғалімдердің өздері де пайыздық көрсеткіштің құрбаны болып жүргендерін бүкпесіз айтуда. 

Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханым, бүгін сауатсыз балаға қойылған өтірік бағалар еліміздің ертеңіне қауіпті емес пе? Бүгін өтірік баға алған балаларымыз ертең ел тізгінін ұстағанда, жағдайымыз қалай болмақ?

Министр Жұлдыз Досбергенқызы, жеті минутыңызды бөліп, сілтемеге өтіп, жұрттың ұсыныс, пікір, наразылықтарына уақытыңызды қиюыңызды сұраймыз. (Әлеуметтік желідегі  сол мақала мен пікірлерді қарап шығуға әрі кетсе, жеті минут қана кететінін Сіз үшін есептеп шықтық)

Бұған дейінгі кей министрлер көпірік, бос сөздермен, аттандаған ұрандармен білім саласын былықтан тазалаған түр жасап еді. 

Ең болмаса, Сіз ондай қателікке жол бермес деген үмітімізді сөндірмессіз деп сенеміз. Білім саласындағы мынадай "рейтинг" деген масқараға тоқтау салмасаңыз, енді бірер жылда Қазақстан қағаз жүзінде "керемет", ал шындығында надандар еліне айналуы әбден мүмкін.  

P.S. Democrat.kz. ақпараттық порталы бұл мәселеге қатысты айтылып жатқан, жазылып жатқан пікірлерді үздіксіз жариялауды тоқтатпайды. 
 
Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ
 
Барлық жаңалықтар