Танымал Арман Жұмагелдиев түрмеден халыққа арнайы үндеу жолдады. Ол анасының қазасына байланысты жүрекжарды ойларын айтып, соңғы сапарға шығарып сала алмаған өкінішін айтты. Жазбада Арман елге сабыр мен бірлікке шақырып, жан күйзелісін ашық жеткізді.
Анамның Аллаһқа қайтқанына бүгін міне екі апта толып отыр. Темір тордың ар жағында отырып, жалғыз шешемді соңғы сапарына шығарып сала алмау - қандай қасірет! Әділсіз үкім бұл қайғының қасында түкке тұрмас болып көрінді. Кездесуге келген сайын анам “Сенің бостандыққа шығып, бақытты болғаныңды көргім келеді. Аллаһ маған кішкене өмір бере тұрса екен сол күнді көруге” деп әрдайым қайталаушы еді.
Қайғыма ортақ болған, алыста болса да алақанын жайып дұғада болған барша мұсылманға алғысым шексіз. Анамның соңғы сапарына ат салысқан туысқан, жора-жолдастарыма, әрбір жанға шын жүректен айтарым - Аллаһ сіздерден екі дүниеде де разы болсын! Осы уақытқа дейін мені қолдап, дұға тілеуден жалықпай келесіздер. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?! Осы дүниеден өткен анам үшін де дұғаларыңызды тоқтатпауларыңызды сұраймын. Аллаһ оны Өз мейрімі мен рақымына алсын. Бізді жәннатта жолықтырсын. Әмин! - деп жазды ол.