Директорды тағайындаудағы күмәнді жайттар мен түсініксіз шешімдерге кім жауап береді?

Директорды тағайындаудағы күмәнді жайттар мен түсініксіз шешімдерге кім жауап береді?
 
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің басты талабы – ашықтық, әділдік және кәсібилік. Алайда Арыс қаласы Тараз мөлтек ауданында орналасқан №2 жалпы орта мектебінде директор тағайындау мәселесі бірнеше жылдан бері күмәнді шешімдер мен кадрлық түсініксіздіктерге толы.
 
Ата-аналар мен педагогтердің дабыл қағуына қарағанда, мұнда конкурстың ресми өтуі – формальды ғана, ал нақты шешімдер алдын ала “белгілі адамдардың” пайдасына қабылданады деген негізді күдік бар.
 
2018 жылдан бері бітпейтін директорлық дау
Ата-аналардың айтуынша, соңғы жылдары мектептің директоры жиі ауысқанымен, жағдай жақсармаған.
 
Әр конкурс сайын бірдей тұлғалардың қайта-қайта ұсынылуы, олардың кәсіби талаптарға сай еместігіне қарамастан, білім бөлімі тарапынан ерекше қолдауға ие болуы жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып отыр.
Жиналған қолхаттар мен шағымдарда нақты есімдер көрсетілген:
1. К. Исмайлова
Мектептің ішкі жағдайын, оқу-тәрбие үдерісін білмесе де, директорлық қызметке ұсынылған.
2. К. Абдулина
Бұрынғы қызметінде еңбек тәртібін бұзып, ескерту алғаны көрсетілген. Соған қарамастан конкурсқа қайта жіберілген.
3. С. Қалжанов
Зейнет жасындағы азамат. Педагогтар мен ата-аналар жас мамандардың жолын ашудың орнына зейнеткерді қайта әкелу – кадрлық саясаттағы әділетсіздік деп есептейді.
4. Б. Әбділла
Мектепте бұрын орын алған дау-дамайға байланысты пікірі екіұшты тұлға. Оның қайта ұсынылуы ұжым ішіндегі жағдайды ушықтыруы мүмкін.
5. Басқа кандидаттар арасында біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін тұлғалар бар екені көрсетілген.
Жүйелі проблема ма, әлде қасақана көз жұмушылық па?
 
Ата-аналар мен мұғалімдер көтерген басты мәселе – директорлық қызметке ұсынылатындардың кәсібилігі емес, “кімнің адамы” екені шешуші рөл атқаратыны. Бұл – тікелей ҚР “Білім туралы” заңы мен мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидатына қарсы.
 
Сонымен қатар:
• Конкурстық комиссия құрамында мүдделер қақтығысы бар тұлғалар отырады деген уәж бар;
• Кейбір үміткерлер педагогикалық этика талаптарын бұзған;
• Жұмыс барысында тәртіптік шара көргеніне қарамастан жоғары лауазымға ұсынылу – ашық заңсыздық;
• Мектептегі оқу үлгерімінің төмендеуі, тәртіп мәселелерінің көбеюі, мұғалімдер арасындағы тұрақсыздық – директорлық басқарудың жылдар бойы реттелмегенінің салдары.
“Жауап беретін орындар неге үнсіз?” – деген ата-аналар сұрағы орынды.
 
Балалардың тағдыры – тәжірибе алаңы емес
 
2020 жылдың 26 қарашасы күні ата-аналар ресми түрде қол жинап, аудан басшылығына, білім бөліміне және жоғары органдарға арыз жолдаған. Онда:
 
“Балаларымыздың білім сапасы мен қауіпсіздігі үшін директор тағайындауда ашықтық пен әділдік болуын талап етеміз”,- деп жазылған.
 
Бұл – бір мектептің ғана мәселесі емес. Бұл – тұтас өңірдегі кадрлық саясаттың айнасы. Әділдік орнамай, білім сапасы көтерілмейді
 
Білім беру – мемлекеттің стратегиялық саласы. Оны басқару – кездейсоқ адамдарға берілетін орын емес. Мектеп директоры – тек әкімшілік қызметкер емес, ол – ықпал, мәдениет, тәрбие мен білім сапасының негізгі жауапты тұлғасы.
 
Демек, директор тағайындауда:
✔ біліктілік пен тәжірибе басты критерий болуы;
✔ конкурстық комиссия ашық, бейтарап жұмыс істеуі;
✔ мүдделер қақтығысы жіберілмеуі;
✔ қоғамның, ата-аналардың пікірі ескерілуі – міндет.
Өкінішке қарай, №2 мектептің тәжірибесі бізге керісінше көріністі көрсетіп отыр.Қоғам жауап күтіп отыр
 
Ата-аналар, мұғалімдер және белсенді азаматтар білім саласындағы бұл келеңсіздікке бей-жай қарап отырған жоқ.
 
Олар тиісті органдардан:
• конкурстық процесті қайта қарауды,
• ұсынылған тұлғаларға қызметтік тексеру жүргізуді,
• мектептегі ахуалға объективті бағалау беруді,
• кадрлық саясаттағы заңсыздықтарды тоқтатуды талап етеді.
 
Бұл — шындықты шырылдап айтқан жұрттың жан айқайы.
Білім беру – ұлттың болашағы.
Ал болашақ жауапкершілік пен әділдікті талап етеді.
 
Автор:Ләззат АСАНОВА, журналист. 
Барлық жаңалықтар