Елде жүргенде бір сыйлас інім хабарласқан. “Астанаға қашан келесіз, бірге оқыған досымның басына үлкен қиындық туып тұр, көмегіңіз керек” деп, шырылдап.
Досы үшін жаны ауырып тұрғаны көрініп тұр. Шет жағасын сұрап ем, досының аузынан естігені болар, айтқаны: “келіншегінің мінезі өте нашар болған екен, анасын қатты ренжітіп, жылатып, тіпті қол көтерген екен.
Содан досым ашумен бір - екі рет салып қалған ба, сондай. Бірақ Бишімбаев сияқты жауыздық көрсетпеген. Сонда ұрыстардың бірінде келіншегі өзіне қол салып, асылып қапты..”-деді..Денем дір ете қалды..
Астанаға келгесін де, “жолығайық, сізді күтіп жүрміз” деп, қоймағасын, жолығып, әйелі асылып өлген жігітті тыңдадым.
Тыңдап отырып, ішкі интуицияммен оқиғанын дәл олай болмағанын ұғындым. Қазақша айтқанда, ішімді тартып қалдым. “Қыз болмай келгенін білсем де, соның абыройын ойлап, ешкімге білдірмедім”-дегенде, айтарға сөз де таппай, біраз аңырып қалдым. Маған шыққан досы да ыңғайсызданып кетті, сол кезде. Келіншегімен арада ұрыс-керістің көп болғанын айтты.
- Айналайын-ау, әркімнің көзқарасы әр түрлі. Егер өзің некеге дейін тазалықты сақтауға қатты мән беретін адам болсаң, үйленер алдын сырласқанда, неге сұрамадың? Түрлі тағдыр бар, өмірде. Түрлі жағдай бар.
Оған түсіністікпен қарап, сол адамды сүйсе, бәріне көз жұмып, өмір сүріп жатқандар қаншама. Ал солай болды екен, екі баланы неге тапқыздың?
Айрылысып кетпедің бе, басында? Егер дәл сол жағдай сенің көңіліңе үнемі күдік туғызып, үнемі жанжал тууына себеп болған болса, басында нүктесін қою керек еді. Өз теңін табар еді ғой, ол да, сен де-дедім, ақырында шыдамай..
- Жоқ, ұрыс-керіс ол үшін болмайтын. Шешесімен күнде видеомен сағаттап сөйлесетін.-деп, далбасалады.
- Ол ұрсуға себеп пе? Сенің сөйлесуге уақытың болмағасын, сырласатын адам іздеген шығар.
- …
- Өзіне қол салардан алдын не жағдай болып еді?
- Ұрсып қалғанбыз, тағы..әкесіне звондап, “қыздарыңды алып кетіңдер, тұрмаймын”-дедім..Сосын жынданып, өзімнің әке-шешеме звондап, “ажырасам, мұндай әйелмен тұра алмаймын” -дедім.
- Екі баланың жастары қаншада?
- 3-те және 1.5-да.
- Екі баланың әкесі, үйдің азаматы, дардай еркекке әйелімен ұрысса, әке-шешесіне шағым айтып, тел.соғу намыс емес пе?..
- ….(тағы үнсіздік)
- Кім көрді, асылып қалғанын?-деп сұрадым.
- Інім. Екі баланың жылағандарынан оянса, әйелім ваннада асылып қапты, балалар аяғын құшақтап, “мамалап” жылап тұр екен..
Денем емес, бұл жолы жүрегім дір ете қалды..
- Мынау соңғы жазғаны. Мен жынданып жүріп, үйден кетіп қалғам, ұрыстан кейін. Содан оқыған да жоқпын.
“Жынданғышын өзінің, нервный әйтеуір, шетінен”-дедім, іштей.
“Мамаң маған баламды сорлатып отырған қатынсың, қарғаймын сені деді. Мен өлсем, бақытты болатын шығарсыңдар, бәрің”-депті күйеуіне ең соңғы жазғанында..Жүректі тағы ауырлық басып кетті..Жасы небары 28-де екен..