"Эврика": 2 сыныптың оқушысына шығарма, мазмұндама жаздырту ақылға сиятын дүние ме?

"Эврика": 2 сыныптың оқушысына шығарма, мазмұндама жаздырту ақылға сиятын дүние ме?

Жаңа оқу жылы басталғанына бір ай да толмай жатып, 2–4-сынып оқушылары алғашқы аралық бағалауға кіріседі. Қазақ және орыс тілдерінен диктант пен оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар, әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама, математикадан бақылау жұмысы алынатыны туралы ақпарат ата-аналар арасында қызу талқыланды. Әсіресе 2-сынып оқушысына шығарма мен мазмұндама жаздыру мәселесіне күмән келтіргендер көп, деп жазады Democrat.kz.

2–4-сынып оқушыларының аралық бағалауының алғашқы кезеңі 23–30 қыркүйек аралығында өтетіні туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Жарияланған мәліметке сәйкес, 2026–2027 оқу жылында бастауыштың 2–4-сыныптарында формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Аралық бағалау оқу бағдарламасында көрсетілген бөлімдер бойынша өткізіледі.

Қазақ және орыс тілдерінен диктант пен оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар, әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама, ал математикадан бақылау жұмысы қарастырылған. Әр жұмысқа 40 минут беріледі.

Ең жоғары балл да сыныпқа қарай белгіленген: 2-сыныпта – 12 балл, 3-сыныпта – 14 балл, 4-сыныпта – 16 балл. Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады.

Ал 1-сынып оқушыларына балдық бағалау жүргізілмейді.

Ақпарат жарияланғаннан кейін ата-аналар арасында әсіресе екінші сыныпқа қойылатын талаптар талқыға түсті.

«Сабақ басталғанына бір ай болмай жатып, ойларына келгенін істеп отыр ғой министрлік», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір ата-ана баласының қазақ тілінде әлі дұрыс жаза алмайтынын айтып:

«Бірінші қазақ тілін дұрыс жазып алғанымыз жоқ. Балаларға оңай емес. Жоғарыдан отырып алып, ойына келгенді шығарып отырады екен», – деп наразылығын білдірген.

Әсіресе 2-сынып оқушысынан шығарма немесе мазмұндама күту ата-аналардың сұрағын көбейткен.

«Өз аты-жөндерін енді жазып үйреніп жатқан 2-сынып оқушысынан қандай диктант, мазмұндама, шығарма күтіп отырсыздар?» – дейді пікір иелерінің бірі.

Тағы бір ата-ана:

«Бірінші сынып әріпті енді үйренген бала бүгін дыбыс туралы не біледі? Қосып оқи алмай жатыр. Кім ойлап тапқан?» – деп жазған.

Пікірлердің арасында бастауыш сыныптағы оқу бағдарламасының өзіне қатысты сын да айтылды.

«2-сынып енді әңгімелеп үйреніп жүр. Қайдағы шығарма, мазмұндама?» – деген пікір қалдырылған.

Кейбір ата-аналар бұрынғы БЖБ мен ТЖБ жүйесіне үйреніп қалғанын айтып, жаңа бағалау тәртібіне күмәнмен қарайтынын жеткізген.

«Осы отырған депутаттар алдына берген қағаздағы жазуды әрең оқиды. Диктант пен мазмұндаманы өздеріне жаздырып көру керек», – деген де өткір пікір бар.

Ал кейбір оқырмандар мұндай бағалау жүйесін мектептің нақты жағдайын білмейтін адамдар әзірлеген болуы мүмкін деген пікір білдірген.

Сонымен бірге ата-аналар арасында практикалық сұрақтар да туындаған. Мәселен, бірі «қалған тоқсанның аралық бақылауы қашан?» деп сұраған.

Жарияланған ақпаратта министрліктің бағалаудың мақсаты оқушыға баға қою ғана емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін және ілгерілеу деңгейін анықтау екенін түсіндіргені көрсетілген.

Алайда әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, ата-аналарды бағалаудың өзінен гөрі оқу жылы басталғанына бірнеше апта ғана болған 7–8 жастағы балалардан қандай көлемде диктант, мазмұндама немесе шығарма талап етілетіні көбірек алаңдатып отыр.

Барлық жаңалықтар