Ғалымжан Сүлеймен сотта Мұқасан Шахзадаевтың үйінде не болғанын айтты

Ғалымжан Сүлеймен сотта Мұқасан Шахзадаевтың үйінде не болғанын айтты

Алматыда «Нұр-Мұқасан» тобының экс-әншісі Мұқасан Шахзадаев пен топтың жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлейменге қатысты дау сотта қаралып жатыр. Іс Ғалымжан Сүлейменді соққыға жығу дерегіне байланысты қозғалған. Бұл қылмыстық істе Мұқасан Шахзадаев куә ретінде өтсе, оның әкімшісі Азамат Есіркенов сотталушы мәртебесінде көрсетілген деп жазады Democrat.kz.

Сот отырысында Ғалымжан Сүлеймен оқиғаның қалай басталғанын айтып берді. Оның сөзінше, алдымен Мұқасан Шахзадаев оған балағат сөздер айтып хабарласқан. Кейін Сүлеймен әншінің үйіне барған. Сол жерде олар өнерді дамыту, топтың болашағы және шығармашылық мәселелерін талқыламақ болған.

Жәбірленушінің айтуынша, екеуара әңгіме таңға дейін созылып, ол сол түні Шахзадаевтың үйінде қалған. Ал келесі күні үйге Мұқасан Шахзадаевтың қазіргі әкімшісі Азамат Есіркенов келген.

«Жанжал Есіркенов Мұқасан екеуміздің арамызға от салуынан басталды», – деді Ғалымжан Сүлеймен сотта.

Оның сөзінше, кейін үйге Мұқасанның сыныптасы да келген. Жәбірленуші сотта өзін бірнеше адам жабылып ұрғанын айтты. Бұған дейін де Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желі арқылы өзін үш адамның соққыға жыққанын мәлімдеген, ал Алматы полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

Сотта айтылған тағы бір дерек көпшіліктің назарын аударды. Ғалымжан Сүлейменнің сөзінше, үйдегі әңгіме барысында Шахзадаев топтың бұрынғы мүшесі Нұрлан Қонысбаевқа қатысты да ауыр сөздер айтқан. Жәбірленушінің айтуынша, Шахзадаев Қонысбаевты «құртып жібергенін», қазір оның тойда ән айтып жүргенін сөз еткен.

Алайда бұл — әзірге сотта жәбірленуші тарапынан айтылған мәлімдеме ғана. Оның қаншалықты дәлелденетіні сот барысында анықталуы тиіс.

Бұл дау алғаш рет былтыр әлеуметтік желіде кең тараған еді. Ол кезде Ғалымжан Сүлеймен топтың бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаевпен арадағы кикілжің авторлық құқық пен топ әндерін орындау мәселесіне байланысты туындағанын айтқан.

Қоғам назарын аударған бұл істің ерекшелігі – көпшілік Мұқасан Шахзадаевтың өзі сотталушы болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда қазіргі сот процесінде ол куә мәртебесінде көрсетілген. Ал айыпталушы ретінде оның әкімшісі Азамат Есіркенов жауап беріп жатыр.

«Нұр-Мұқасан» тобы ұзақ жылдар бойы қазақ эстрадасындағы танымал ұжымдардың бірі болды. Сондықтан топ атауының төңірегіндегі мұндай дау өнерсүйер қауым үшін де күтпеген жағдай болып отыр.

Енді сот Ғалымжан Сүлейменнің айтқандарын, куәлардың жауабын және іс материалдарын зерттеп, нақты процессуалдық шешім қабылдауы тиіс. Әзірге бұл іске қатысты түпкілікті сот үкімі шыққан жоқ.

Барлық жаңалықтар