Халықтың сүтінен грамдап ұрлап, көңілдестің көңілін тапқандар

Халықтың сүтінен грамдап ұрлап, көңілдестің  көңілін тапқандар
Әлеуметтік мәселені жіліктеп көрейікші. Құрт-майдан аспай шиырлап көрейік. Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлтпыз, еркін елміз. Кеңірдегін жыртып сөйлейтін жастар бар. Замандасымның біреуі өңеші айырылардай болып “гестапосың” деуге шақ қалған.
 
Ескілікті көксеуші ретінде қабылдайды. Он жерден кері “сиіп” КО аңсаушы-ақ болайын, шыны сол, біз сапалы, таза өнім жеп өскен ұрпақпыз. Балмұздаққа дейін стандартқа сай әзірленді.
 
Жә, қазір де кімнің не жейтінінде шаруам жоқ. Өз ұлым да мен ішетін ұншайға мұрын шүйіреді, кеспекөжемнің орнына ролтон ішуі де. Бастысы, дайындадым, бердім. Анау ішкі өзегінде генетикалық тегі, жады оянғанда өзіне қайтады, оралады. Ал ұлттық тек бар онда.
 
Айтпағым - басқа. Бір литрлік кішкентай ыдысқа бір литр сүтті пісіріп алатыным бар. Талдықорғанның JLC сүтіне кәдімгідей қаймақ түседі. Баяу отқа ұзақ қайнатып алып тұтынам. Көбінде ботқа пісіру үшін қолданам. Сүт қосқан шайқұмар емеспін аса.
 
Енді осы “жылтыр дорбадағы” сүт те 900 г болып қалған. Сүттің көп түрі солай. Кейбірі 850 г. Ал? Бағасы өспесе кемімейді. Неге? Осыны кім бақылап отыр? Халық неге наразылық көрсетпейді? Бұл өнімнің, жалпы, ағарған өнімнің барлығында арнайы қоспа бар, ашымайды, ірімейді, ұйымайды, тұра береді.
 
Екі айдан кейін ашылған өнімді қара, сарысуы бөлініп тұрғаны болмаса сол күйі, түрін жоғалпайды. Құрамындағы майы резеңкеге ұқсап шетіне “ұйысып” жабысып қалуы мүмкін. Ал тіліңді тигізіп көрсең зәһар дегеннің, удай ащы дегеннің сол екенін ұғасың.
 
Оны тұтынған екіқабат келіннен туған, соны ішіп өскен бала да керемет мықты боп өседі дегенге сенбеймін. Ағза бейімделіп кетеді, болды. Боп-боз, әлсіз, аурушаң. Солай! Енді осы сүт өнімдерінің 100-150 грамымен кім байып отыр? Кімнің қалтасына түседі?
 
Халықты сауып отырған сол пысықайлардың тамағы халал ма, харамға жата ма? Тек сүт өнімі емес, арнайы дорбаларға салынып сатылатын макарон өнімдері, пряник, сушки секілді нан өнімдері де - солай. 500 г деген жоқ. 450-ге түскен. Ал бағасы… Тек қымбаттап алға ентелеп келеді.
 
Адал, арам деген сайын еске түседі… Әсіресе халал той жасаймын, халал тойға ғана барам дейтіндерді естігенде ойыма орала кетеді. Бәріміз есектің артын жусақ та, күнкөріс жасап, жанбағыстың жарапазанымен жүреміз.
 
Корректор ретінде ширек ғасырдан асатын тәжірибемде мен де біреулердің түкке тұрғысыз, төрт жолы төрт жаққа лаққан “өлеңін” оқып бердім, қоңыр тірлік ғұмыр кешкен әке-шешесі туралы аңыз құрағысы келген шимай-шатпағын, қисынсыз дерек келтіріп, ХХІ ғасырдағының айтқанын анаааау 1919-22 жылда өмір сүрген адамның аузына екі бүктеп сап беретіндерді де оқыдым.
 
Ешқашан баға қойып көрмегем, бергеніне қанағат қылдым, бермей қашып кеткен кәсіпкері де бар, қаржысы бола тұра бейшара күйге түсіп жыланып шығатынды да көрдім. Өмір ғой, шама келгенше нәпақа табам, тәңірдің берері таусылмасын. Бірақ!!!
 
Өзіме ұнамаған, көңіліме сыймаған еңбектің ақысына үйге азық-түлік алмайды екем. Неге екенін білмеймін, көңіліме жақпаған кітаптың ақшасына ұлыма тамақ әпермеппін. Әдейі емес, әрбірден соң ол да менің еңбегім, көзмайым!
 
Сонда да, неғып екенін, аса ұнамаған кітаптың ақшасы тамақтан басқа қажеттілікке жұмсалыпты. Ол киім, коммуналдық төлем, біреуге қарызға беру, Ас-той. Осындай қажетке кетіп отырады екен. Қызық, ә! Кездейсоқтық па, әлде?
 
Ал мына күні кешеге дейін 1 л, 500 г болып келіп енді 850-900 г, 500 емес, 450 г қылғандардың еңбекақысы адалға жата ма, арамға жата ма? Соны айтыңдаршы. Той өткіз, басқа қыл, шенеуніктер қағаз жүзінде жұмысынан мін таппайтындай етіп көрсеткенімен…
 
Қатын-баласына,түрлі көзайымына әперіп жатқаны халалға жата ма, харамға жата ма? Тфу, мә, халал! Өз ойым! Тамұқтың есігі кімге ашылады сонда?
 
Жоқ, әлде тамұқтағы тозақ оты қоңыр тірлік қылған кедей-кепшікке ғана арналған “мекен” бе? Таңғаларлығы, тозақ отынан кедейлер қорқады, ұмытпайды. Ал кешке дейін сарнап уағыз айтып, жұмыс істемей-ақ джип мініп жүретін дүмше діндарлар дым қорықпайды, жұмаққа баратынына тым сенімді.
 
Не ғой, қара халықтың еті мен сүті, кілегейі мен майының ақысын тұрақтандыр, қымбаттатпауға барыңды сал, өз күнін өзі-ақ көріп кетеді олар.
 
Он көңілдесіңді суарып, он қатын аламысың сенде зәредей шаруасы болмайды сонда олардың. Шынымен, солай! Сенбесең тәжірибе жасап көр.
Пы.Сы! Неге көңілдес? Өйткені бізде ел билейтін еркек екі елі теріден ешуақытта аса алмаған!
 
Барлық жаңалықтар