Мамыр айында қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Мамыр айында қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Мамырдан бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріле бастайды. Бұл елдегі бірқатар ауқымды өзгерістердің басы ғана. Сонымен қатар азаматтарды 14 күндік демалыс, утильалымның өсуі, шетелдік шоттарға бақылау күшеюі және зейнетақы жүйесіндегі  жаңартулар күтіп тұр. Stan.kz келесі айда не өзгеретінін шолып шықты деп жазады Democrat.kz. 

Қазақстанда зейнетақы жүйесі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңарту мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет жанындағы жұмыс тобы мамыр айының соңына дейін ұсынылған модельдердің бірін таңдауға тиіс. Қазір бірнеше нұсқа талқыланып жатыр:
•    Бірінші нұсқа "4+1" жүйесі

Модельде жұмыс берушінің 5% міндетті жарнасының 4%-ы қызметкердің жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ы ортақ қорға аударылады. Осылайша, азаматтың жеке жинағы көбейеді. Зейнетке шыққанда алдымен жеке шоттағы қаражат пайдаланылып, кейін төлемдер ортақ қордан жалғасады.

•    Екінші нұсқа еңбек өтіліне негізделген жүйе

Мұндай тәсілде зейнетке шығу жасы емес, еңбек өтілі басты критерий болады. Яғни, кемінде 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар ғана зейнетке шыға алады. Сонымен қатар адамның денсаулығы мен еңбекке қабілеті де ескеріледі.

•    Үшінші нұсқа сақтандыру зейнетақысы

Осы модель зейнетақы аннуитетіне ұқсас: азамат өз жинағын сақтандыру жүйесіне береді, ал ол өз кезегінде өмір бойы тұрақты төлем жасап отырады.

зейнетақы
Фото: freepik.com

Мобильді аударымдар тексеріліп, хабарлама келе бастайды

Қазақстанда мобильді аударымдарға тексеріс басталды. Банктер 15 сәуірге дейін мәліметтерді тапсырды, қазір салық органдары бәрін қарап жатыр. Егер күмәнді жағдай анықталса, мамырда азаматтарға хабарлама келеді. Оны 30 күн ішінде орындау қажет. Бірақ бәрі бірдей тексеріле бермейді. Тек мына үш шарт қатар келсе ғана назарға ілігесіз:

  • шотыңызға 100 адамнан көп ақша түссе,
  • үш ай қатарынан қайталанса,
  • жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса (1 020 000 теңге).

Қарапайым аударымдар үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Бірақ ақша көп адамнан және тұрақты түсіп жатса салықтың назарына ілігуіңіз мүмкін.

Мобильді аударымдар
Фото: freepik.com

Шетелдік шоттар мен операцияларға бақылау күшейтіледі

Қазақстанда цифрлық активтерге қатысты бақылау күшейеді. Қазақстан Ұлттық Банкі офшорлық аймақтардың жаңартылған тізімін бекітті. Жаңа тізімге 50 мемлекет пен аумақ енгізілген. Олардың қатарында Андорра, Багам аралдары, Белиз, Панама, Мальта, Сейшель аралдары, сондай-ақ АҚШ-тың жекелеген аумақтары Виргин аралдары, Вайоминг, Гуам және Пуэрто-Рико бар.

Тізім 1 мамырдан бастап күшіне енеді және цифрлық активтермен жасалатын операцияларды реттеу үшін енгізілген. Яғни, осы аймақтармен байланысты қаржылық операциялар енді ерекше бақылауға алынады. Жаңа өзгеріс клиенттердің офшорлық өңірлермен байланысы бар транзакцияларына қадағалауды күшейтіп, қаржы ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған.

шетелдік шоттар
Фото: freepik.com

Концерттерде фонограмма жасырылмайды

2 мамырдан бастап концерттерде фонограмма қолданылатыны туралы жасырмай хабарлануы тиіс. Ұйымдастырушылар да, әртістер де көрерменді алдын ала ескертуге міндетті. 

Мұндай ақпарат сахнада ғана айтылмайды: 

  • афишаларда міндетті түрде жазылады,
  • билет сататын жерлерде көрсетіледі,
  • ал теле-радио жарнамада кемінде 5 секунд ескертілуге тиіс.

Яғни, көрермен билет аларда-ақ әншінің тірі айтатынын ба, әлде фонограммамен шығатынын біледі.

фонограмма
Фото: freepik.com

Әскери келісімшартқа өзгеріс енеді

4 мамырдан бастап келісімшартпен әскери қызметке кіретіндерге талап күшейеді. Егер олардың табыс әкелетін мүлкі (мысалы, бизнес, үлес, кіріс түсіретін активтер) болса, оны 30 күн ішінде сенімгерлік басқаруға беруі керек. Яғни, қызметке кірген кезде ол мүлікті өзі емес, арнайы басқарушы жүргізеді.

Бірақ бәрі бірдей бұл талапқа кірмейді. Ақша, облигациялар, акциялар, инвестициялық қорлардағы үлестер және жалға берілген мүлік бұрынғыдай өзінде қала береді. Әскери қызметке кіргендердің қаржылық мүдделеріне қатысты ашықтық пен бақылау артады.

Одан бөлек, 2026 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында елімізде әскери жиындар өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында шамамен 3 мың әскери міндетті азамат шақырылады.

әскерилер
Фото: freepik.com

Криптовалюталардың айналымы реттеліп отырады

Қазақстанда криптовалютаға қатысты тәртіп енді қатая түседі. Мысалы, Bitcoin сияқты криптоактивтерді қолдануға болады, бірақ бұрынғыдай еркін емес бәрі бақылауда болады.

Енді криптамен айналысатын барлық ұйымдар (биржа, айырбастау пункттері, түрлі сервистер) міндетті түрде Қазақстан Ұлттық Банкінен лицензия алуы керек. Сонымен қатар олар әр клиентті тексеріп, кім екенін анықтап (AML/KYC), барлық операцияны қадағалап отырады. Тағы бір маңызды өзгеріс криптовалютадағы мәмілелер енді жасырын болмайды. Яғни, бұрынғыдай анонимді түрде сауда жасау қиындайды.

Барлық ресми платформалар ай сайын есеп беріп, кім не сатып алды, не сатты бәрін көрсетіп отырады. Криптовалюта Қазақстанда бар, бірақ енді “бәрін еркін істей беруге болады” деген кезең аяқталып, нақты ережелермен жұмыс істейтін жүйеге көшеді.

Криптовалюта
Фото: freepik.com

Мамырда балық аулауға шектеу қойылады

Қазақстанда балықтардың уылдырық шашу кезеңіне байланысты балық аулауға қатаң шектеулер енгізілген. Негізгі тыйымдар мамыр айының ортасынан бастап ай соңына дейін күшінде болады. Шектеулер елдегі барлық негізгі су айдындарына қатысты болып отыр. Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Зайсан-Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Жайық-Каспий және Шу-Талас бассейндері.

Сонымен қатар уылдырық шашу кезінде балық аулауға болмайды немесе қатты шектеледі. Рұқсат етілгеннің өзінде ұсақ балықты көп аулауға тыйым бар (5-8%-дан аспау керек).

Кей жерлерде тыйым нақты мерзіммен қойылған:

  • Балқаштың батысы, Алакөл және оған жақын көлдер 1 маусымға дейін
  • Сырдария мен Кіші Арал 10 маусымға дейін
  • Каспийдің солтүстігі 25 мамырдан 31 тамызға дейін
  • Жайық өзенінің кей бөліктері 16 мамырдан 15 тамызға дейін.

Мамырда балық аулауға шықсаңыз, алдымен қай жерде қандай шектеу бар екенін тексеріп алған дұрыс. Әйтпесе айыппұл арқалайсыз.

балық аулау
Фото: freepik.com

Ресей мен Беларусьтен келетін көліктерге утиль алым өседі

Мамыр айынан бастап Қазақстанда Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктер мен техникаға утильалымды есептеу тәртібі өзгереді. Бұл елдерден келетін көліктер үшін төлем бірнеше есе өседі. Ал Қазақстанда өндірілген және басқа елдерден импортталатын көліктер үшін шарттар өзгеріссіз қалады.

Өнеркәсіп министрлігінің түсіндіруінше, бұл шара ЕАЭО нарығында тең жағдай жасау үшін қабылданып отыр. Себебі Ресей мен Беларусь Қазақстаннан баратын техникаға қосымша төлемдер қолданады.

утиль алым
Фото: freepik.com

Кедендік төлемдер тәртібі кодпен енгізіледі

Қазақстанда кедендік төлемдерді төлеу тәртібі өзгеріп жатыр 4 мамырдан бастап жаңа ереже күшіне енеді. Бұл өзгеріс "KEDEN" жүйесінің енгізілуіне байланысты.

Енді транзиттік декларация жасағанда кедендік алымдар мен алып жүру төлемдері бұрынғыдай емес, 106201 деген жаңа кодпен төленеді. Ал бұрын қолданылып келген 106119 коды енді бұл мақсатта жүрмейді.

Егер сіз бұрын 106119 арқылы ақша төлеп қойған болсаңыз, уайымдамаңыз ол қаражатты қайтарып алуға немесе қайта есептетіп пайдалануға болады. Ол үшін салық органына өтініш беру керек.

Өтінішті екі жолмен тапсырасыз: онлайн "Салық төлеушінің кабинеті" арқылы, немесе офлайн Азаматтарға арналған үкімет арқылы.

кеден бажы
Фото: tambrok.ru

Мұнай бағыты өзгеріп, экспортқа шектеу күшейді

Қазақстан мұнайды бұрынғыдай Германияға "Дружба" құбырымен жібермейді. Оның орнына 260 мың тонна мұнай басқа бағыттарға бөлінеді. Бір бөлігі Усть-Луга портына, қалғаны Каспий құбыр консорциумы арқылы кетеді. Бірақ бұл өндіріс жоспарына әсер етпейді.

Сонымен қатар елде экспортқа шектеу күшейіп жатыр. 1 мамырдан бастап металл сынықтарын шетелге шығаруға тыйым салынады. Мұнай өнімдеріне (бензин, дизель) қойылған шектеуді де тағы жарты жылға ұзарту жоспарланып отыр.

Ал сұйытылған газға (пропан, бутан) қатысты тыйым да сақталуы мүмкін оны да тағы 6 айға созу қаралып жатыр. Қысқасы, Қазақстан мұнайды басқа бағытпен сатып, ресурстарды сыртқа шығаруды қатаң бақылауға алып отыр.

мұнай
Фото: freepik.com

Металл сынықтарын экспорттауға тыйым ұзартылды

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын шетелге шығаруға қойылған тыйым мамыр айынан бастап тағы 6 айға ұзартылды. Тыйым барлық көлік түрлеріне қатысты.

Шектеулер келесі түрлерге қолданылады:

  • мыс, алюминий, қорғасын және құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар өзге де металл қалдықтары мен сынықтары;
  • құрамында аталған заттар жоқ немесе сұрыпталмаған қалдықтар;
  • қара металл сынықтары, қайта балқытуға арналған құймалар (шихталық), пайдаланылған құбырлар, рельстер, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрам элементтері.

Оқушылар мен ата-аналарды не күтіп тұр?

Биыл соңғы қоңырау әдеттегіден ерте, яғни 23 немесе 24 мамырда өтеді. Себебі 25 мамыр жексенбіге түсіп тұр. Мектептерге осы жолы да “қарапайым форматта өткізу” тапсырылды артық шығын, кортеж, ақша жинау сияқты дүниелерге шектеу бар.

Биыл 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгерді. Енді өтініштер 27 мамырдан бастап 31 тамызға дейін қабылданады. Бұрын осы процесс сәуірде басталатын, бірақ ол оқу жылының қызған уақытына түсіп, мектептерге қиындық тудырған.

Жаңа өзгеріс осы жүктемені азайту үшін енгізілді. Қазір жүйе тесттен өтіп жатыр, ата-аналарға ыңғайлы болу үшін қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Айта кетейік, қазірдің өзінде 270 мыңға жуық өтініш берілген.

Ал сол мектепте даярлықтан өткен балалар 1-сыныпқа жеңілдетілген түрде қабылданады автоматты түрде деуге болады.

Одан кейін негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін өтеді. Формат өзгермейді, тек 3 міндетті пән және 2 таңдаулы пән, барлығы 120 сұрақ болады.

Оқу жылы ертерек аяқталады, 1-сыныпқа қабылдау кеш басталады, ал түлектер үшін ҰБТ өз кестесімен өтеді.

оқушылар
Фото: freepik.com

Imam AI жобасы іске қосылады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамыр айында Imam AI атты цифрлық жобаны пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба діни-ағартушылық қызметті заманауи технологиялар арқылы дамытуға бағытталған.

Сервис жедел әрі сапалы ақпарат ұсынуға, сондай-ақ сұрақтарға жылдам жауап беру жүйесін қалыптастыруға арналған. Жасанды интеллектті қолдану діни түсіндірулердің қолжетімділігін арттырып, діндарлармен өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

Imam AI Фото: kazislam.kz

"Наурыз 2026" бағдарламасына өтінім беру мерзімі аяқталуға жақын

Сәуір айында Отбасы банк "Наурыз 2026" бағдарламасына қатыса алатын 16 мың салымшының тізімін жариялады. Енді олар 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында банкке несие өтінімін тапсыруға тиіс. Егер өтінім мақұлданса, қатысушыларға баспана табу мен сатып алуға 6 ай уақыт беріледі.

Бағдарлама финалистерінің шамамен жартысы 8,69 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 2,68 мың адам әлеуметтік осал санатқа жатады. Олар үшін ипотека мөлшерлемесі 7% деңгейінде қарастырылған.

Сонымен қатар мамыр айында Алматы әкімдігі кезекте тұрған 1000-нан астам тұрғынға пәтер кілтін табыстайды. Олардың бір бөлігі жеңілдетілген ипотека арқылы баспана ала алады. Бұл жағдайда шарттар тиімді: пайыздық мөлшерлеме 5%, бастапқы жарна 10%. Жалпы, Алматыда тұрғын үй кезегінде 80 мыңнан астам адам тіркелген.

ипотека (1)
Фото: freepik.com

Жаңа рейстер және Еуропаға билеттер қымбаттамақ

Оңтүстіккореялық Eastar Jet 1 мамырдан бастап Алматы – Пусан бағыты бойынша тікелей рейстерді қайта іске қосады. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды. Билет бағасы Алматыдан Пусанға шамамен 100 мың теңгеден, кері бағытта 83 мың теңгеден басталады.

Ал Asiana Airlines Алматы – Сеул бағытындағы рейстер санын көбейтеді. 4 мамырдан бастап аптасына 3 рейстің орнына 5 рейс орындалады. Еуропада авиаотын тапшылығы байқалуда. Бұған Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізудегі іркілістер себеп болған. Еуроодақ пайдаланатын авиаотынның 30–40%-ын импорттайды, оның жартысы Таяу Шығыстан келеді.

Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметінше, Еуропада авиаотын қоры шамамен 6 аптаға ғана жетуі мүмкін. Сондықтан тапшылық мамыр айында басталуы ықтимал.

Осылайша, билет бағасына әсер етіп, ұзақ бағыттағы рейстерде бір жолаушыға шығын орта есеппен 88 еуроға өскен. Еуропа ішіндегі рейстерде шамамен 29 еуроға қымбаттаған.

Черногорияға визасыз режим қайта ашылады

Черногория 1 мамырдан 1 қазанға дейін қазақстандықтар үшін уақытша визасыз режим енгізеді. Бұл кезеңде елде 30 күнге дейін еркін жүруге болады. Яғни, жазғы демалысты визасыз жоспарлауға мүмкіндік бар.

Биыл қажылық 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Қажыларды Air Astana, SCAT Airlines және Flyadeal тасымалдайды. Ұшақтар Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тікелей Жидда мен Медина қалаларына қатынайды.

Айта кетейік, 18 сәуір мен 31 мамыр аралығында Nusuk платформасы арқылы умраға рұқсат беру уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар 18 сәуірден бастап Мекке қаласына арнайы қажылық визасы жоқ адамдарға кіруге және онда болуға тыйым салынған. Бір жағынан жазда визасыз демалыс мүмкіндігі бар, екінші жағынан қажылық маусымына байланысты талаптар күшейтілген.

әуе билеттері
Фото: freepik.com

Мамырда елде қандай мәдени және қызық оқиғалар болады?

Мамырдың ең үлкен шоуларының бірі Solana фестивалі. 16 мамырда Алматы орталық стадионда, 17 мамырда Астана гольф-клубта өтеді.

Сахнада Busta Rhymes, Tyga, Flo Rida, Timbaland, Nicole Scherzinger сияқты жұлдыздар өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар толыққанды әлемдік деңгейдегі шоу болады деп уәде беріп отыр.

Ал Жетісу облысы, Текелі маңында 20 мамырдан бастап парапланеризмнен әлем және Азия чемпионаты өтеді. 40-тан астам елден спортшылар келеді. Іле өзені бойында 9-11 мамыр күндері Tengri Ultra жарысы өтеді. 

мамыр күнтізбесі
Фото: freepik.com

Демалыс көп болады

Қазақстанда мамыр айы демалысқа бай болады. Бес күн жұмыс істейтіндер үшін 14 күн демалыс, ал алты күнгі режимде 12 күн демалыс бар. Негізгі мерекелерге байланысты:

  • 1 мамыр (Қазақстан халқының бірлігі күні) жұмаға түседі, сондықтан 1, 2, 3 мамыр қатарынан үш күн демалыс
  • 7 мамыр (Отан қорғаушылар күні) бейсенбі қосымша бір күн демалыс
  • 9 мамыр (Жеңіс күні) сенбіге түсіп, дүйсенбіге ауыстырылады. Яғни, 9, 10, 11 мамыр үш күн қатар демалыс
  • 27 мамыр (Құрбан айт) сәрсенбі, бұл да демалыс күні.

Биыл бір өзгеріс бар. Астанада 7 және 9 мамырға арналған ірі әскери парад болмайды. Оның орнына қалаларда концерттер, әскери техника көрсетілімдері, дала асханалары ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетіледі.

Барлық жаңалықтар