Ислам Байрамуков: "Спорт министрлігі атқарып жатқан жұмысты жоққа шығармайық"

Ислам Байрамуков: "Спорт министрлігі атқарып жатқан жұмысты жоққа шығармайық"

Спорт шебері, еркін күрес чемпионы Ислам Байрамуков қоғамда қызу талқыға түскен Михаил Шайдоровқа қатысты және министрлік атқарып жатқан жұмыстарға байланысты өз пікірін білдіріп, үндеу жариялады деп жазады Democrat.kz.

Өзінің әлеуметтік желісінде Ислам Байрамуков қоғамда қатты талқыланып жатқан Михаил Шайдоровтың мәселесіне қатысты үн қатып: "Ақпараттық алаңда қызық бір жағдай жүріп жатыр. Бір ақпараттың шуы басылар емес. 

2021 жылы біз Республикалық спорт колледжі жабылу алдында тұр деп бүкіл БАҚ өкілдерін шақырып, ақпарат таратуды сұрадық. Бірақ ешқайсысы ол хабарды жариялай алмады. Қоғам тарапынан да сол кезде ешқандай реакция болмады. Ақырында Президенттің атына үндеу жасауға мәжбүр болдық.

Он ай бойы билік өкілдеріне үнімізді естірте алмап едік. Әйтпесе, бізде де кезінде мәнерлеп сырғанау деген бөлек спорт түрі бар еді ғой. Бірақ өкінішке қарай, жабылып қалды. 

Дәл сондай, Алматының жүз жылдық тарихы бар ипподромына қатысты да бүкіл тиісті мекемеге хат жаздық, нәтижесін көрмедік. Салдарынан қаншама шығынға батып, жарысушылардың көбі кетіп қалған еді. 

Михаил Шадоровтың мәселесіне қатысты министрлік пен қоғамның бірден назар аударуы мені қатты қуантты. Еліміздің атын шығарып, жеңіспен оралып жатқан спортшыларымыздың бірігіп, қолдау көрсеткені қатты қуантты. 

Айта кетейік, министрлік спортшылармен кез келген уақытта байланыста. 

Бұған өзім де көз жеткіздім. Қазіргі кезде спорт саласында елеулі өзгерістер мен жағымды алға жылжу процесі байқалады. Спортшылардың еңбегін елеп, ескеріп, тіпті Президентіміздің өзі де мемлекеттік наградалармен марапаттап отыратыны көңілге қуаныш сыйлайды. 

Осы ретте айта кетейік, министрлікті де түсінуіміз керек. Әр жеңімпаз спортшыға берілетін ақшалай сыйақының да сұрауы бар. Министрлік тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Министрлікке Ербол Қуантайұлы келгелі бері спортшыларға үлкен қолдау жасалуда. 

"Жақсының жақсылығын айт" деген халықпыз, министрдің атқарып жатқан ерен еңбектерін жоққа шығармаған жөн. Сондықтан кез келген жүкті біріге көтеру жетістікке апаратынын айтқым келеді", деді. 

Барлық жаңалықтар