Олимпиада чемпионы Михаил Шайдаров Миландағы жетістігінен кейінгі бес айда жалақы алмаған. Мәнерлеп сырғанаушы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді деп жазады Democrat.kz. сайты Kursiv-media-ға сілтеме жасап.
Еңбегімді бағаламау деп қабылдадым
«Жас чемпион кімнің жолын кесті?» деп аталатын подкастта Михаил Шайдаров басшылыққа ұнамай қалғанын ашып айтты.
«Менің айлығым туралы мәліметті көпшілікке жайып салған уақытта, мен де соған қатысты пікірімді жарияладым. Менің еңбегімді сыйламау деп қабылдадым. Өйткені жалғым менің ғана айлығымды көрсеткен. Сол арқылы менің отбасымның еңбегін жоққа шығаруға тырысқан. Өздерінің осы медальға қосқан үлесін паш еткісі келген», – дейді Шайдаров.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 20 ақпанда Туризм және спорт министрлігі Шайдаровты қысқы ойындарға дайындауға қанша қаражат бөлгенін жариялаған. Ресми мәліметте спортшыға шамамен 263,4 млн теңге аударылғаны айтылған.
Шайдаров бес айлық жалақы алмаған
Шайдаров Олимпиадаға дайындық төрт жыл бұрын басталғанын, ал қаржылай қолдау спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған уақытта, яғни 2025 жылы ғана көрсетілгенін атап өтті.
«Сол туралы шындықты айтқанымда, мені осылайша жазалағысы келген сияқты. Бес айдан бері маған айлық төленген жоқ«, – дейді Олимпиада чемпионы.
Мұндай ащы шындықты естимін деп ойламаған Тимур Балымбетов таңқалысын жасыра алмады:
«Тарихи жеңіске жеттің. Сені Ақордада ерекше күтіп алды. Президенттің өзі құрмет көрсетті. Сол уақыттан бері саған айлық төлемеген бе?» – деп тағы да сұрады сұхбат жүргізуші.
Шайдаров Миландағы ірі жеңісінен бері жалақы алмағанын растап отыр.
«Иә. Кейінгі бес айдан бері маған айлық төлеген жоқ. Қазір маған келесі маусымда дайындалу керек. Бірақ оған қалай дайындалатынымды түсінбей отырмын. Маған жаңа бағдарлама әзірлеу керек. Қаржылау қолдау бола ма деп сұрасам, әркім әртүрлі жауап береді», – дейді чемпион.
Командасы да айлық алмайды
Оның айтуынша, 1 ақпанда оның дәрігерін алып қойған. Шайдаров осының бәрін «келеңсіз жағдай» деп сипаттады.
«Неге екенін білмеймін, бірақ мен де, менің командам да айлық алып жүрген жоқ. Мен үшін өте түсініксіз жағдай», – дейді атлет.
Ол ешқандай дау-дамайға қатысқысы келмейтінін, көздеген мақсаты – спортшы ретінде өсу, Қазақстан туын ірі жарыстарда биікке көтеру екенін ерекше атап өтті.
Михаил Шайдаров 2026 жылғы 14 ақпанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанау спортынан Олимпиада чемпионы атанды. Ал 25 ақпанда оны Ақордада президент құттықтады.