Жапондардың бала тәрбиесіндегі құпиялары мен ерекшеліктері

Жапондардың бала тәрбиесіндегі құпиялары мен ерекшеліктері

«Икудзи» – Жапон тәрбиесінің құпиясы немесе бізге не үйренуге болады?Бүгінгі таңда баланы қалай тәрбиелеу керек деген сұрақ кез келген ата-ананы толғандырады.

Қоғам өзгерді, заман басқа, ал бала жаны – нәзік күйінде қалды. Осы орайда назар аударарлық бір ерекше тәсіл – жапондық «икудзи» жүйесі. Ол баланы еркіндік пен махаббатқа толы ортада өсіре отырып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыруды көздейді.

Бұл тек тәрбие емес – тұтас философия, ұлттық болмысқа айналған ұстаным.

Жапонияда ана мен баланың арасындағы эмоционалдық байланыс өте маңызды. Нәресте дүниеге келген сәттен бастап анасы оны үнемі қасында ұстайды: бірге ұйықтайды, слингпен көтеріп жүреді.

Бұл физикалық жақындық арқылы бала өзін қауіпсіз әрі сүйікті сезінеді. Осы кезеңде ата-ананың мейірімі мен шыдамдылығы – басты құндылық. Балаға айқайлау, жазалау, тіпті қатты сөгіс айту – бұл мәдениетте жат әрекет саналады.

«Икудзи» қағидасы бойынша, баланың алғашқы бес жылы – «еркіндік пен махаббат кезеңі». Бұл кезеңде оған ешқандай қатаң шектеу қойылмайды. Баланың еркелігі мен талаптары қалыпты құбылыс ретінде қабылданады. Жапон қоғамы бұны еркелік немесе шектен шыққан еркіндік деп санамайды. Керісінше, бұл – бала бойында өзіне деген сенімділік пен ата-анаға шексіз сенім қалыптастырудың кезеңі.

Бес жастан кейін жапон баласы қоғамға бейімделу кезеңіне өтеді. Бұл уақытта тәртіп пен жауапкершілік талап етіледі. Алайда бұл өзгеріс балаға қысыммен емес, ішкі уят сезімі мен анасын ренжітуден қорқу арқылы жүреді.

Анамен қалыптасқан терең байланыс оның дұрыс жолмен жүруіне ықпал етеді. Осылайша бала махаббатпен, бірақ нақты талаппен тәрбиеленеді.

Жапонияда 15 жасқа толған бала қоғамда дербес тұлға ретінде қарастырылады. Бұл жасқа жеткенде ол өз әрекеттері мен шешімдеріне толық жауап бере бастайды. Ал осыған дейінгі тәрбие кезеңдері оның бұл жауапкершілікке дайын болуын қамтамасыз етеді.

Жапон мектебі - бәсекесіз білім беру

Жапон мектептері де осы тәрбие философиясына сай жұмыс істейді. Мұнда оқушылардың үлгеріміне қарап оларды бөлмейді, салыстырмайды.

Оқушының нашар бағасы үшін ата-анасы сөгіс естімейді. Басты назар – ынтымақтастық, ұжымдық рух пен ішкі тәртіпті дамытуда. Спорттық жарыстарда әрқашан «команда» және «достық» жеңіске жетеді.

Зерттеулер көрсеткендей, жапон аналар баласын «істе» деп бұйырмайды, өздері көрсетіп, үлгі бола отырып үйретеді.

«Мен қалай жасасам, сен де солай жаса» – бұл тәсіл балаға қауіпсіздік пен сенім тудырады. Еуропалық аналар көбіне сөзбен түсіндіруге бейім. Бірақ теориялық түсіндірме көрнекі үлгісіз нәтиже бере бермейді.

Жапондық ата-аналар баланың бойына эмпатия мен мейірімділік дарытуда эмоцияға жүгінеді. Мәселен, бала ойыншықты сындырып тастаса, анасы «Ол ауырды, енді жылайды» дейді. Бұл – баланың эмоциясына әсер ету арқылы түсінік қалыптастыру.

Ал Батыс тәрбиесінде бұндай жағдайда «әкенің ақшасына алған ойыншықты бұздың» деген сөздер айтылады, бұл болса кінә мен қорқынышқа негізделген әдіс.

Бізге қандай үлгі алуға болады?

Қазақы тәрбиеде де мейірім мен сабыр бар. Алайда қазіргі заманда ата-ананың жүйкесі жұқарып, балаға ұрысу, жазалау жиілеп бара жатқанын байқаймыз.

Жапондардың «икудзи» тәсілі бізге ата-аналық сабыр мен махаббаттың болашаққа үлкен инвестиция екенін еске салады. Баланың өзін жақсы сезінуі – оның әлеуметтенуінің, табысты болашағының негізі.

«Икудзи» – бұл жай ғана тәрбие моделі емес, өмірлік философия. Ол баланың психологиялық қауіпсіздігін, ішкі жан дүниесін, сенімін ең басты орынға қояды. Осындай ұстаныммен өскен ұрпақ елдің де, қоғамның да болашағын жарқын етеді.

Сондықтан бізге де тәрбиедегі махаббатты, сабырды, және үлгі болу мәдениетін қайта қарастыратын кез жеткен сияқты.

Өмір Шыныбекұлы, білікті педагог.

 

Барлық жаңалықтар