«Жауаптылар жазалануға тиіс!»: Министрліктің экс өкілі мәлімдеме жасады

«Жауаптылар жазалануға тиіс!»: Министрліктің экс өкілі мәлімдеме жасады

Алматыдағы №32 мектепте өткен даулы іс-шара Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы өкілінің наразылығын туғызды. Ол болған жағдайды қатаң сынап, жауапты адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесін көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің экс төрағасы Қаныбек Жұмашев Алматыдағы №32 мектепке қатысты тараған ақпаратқа байланысты өткір мәлімдеме жасады.

Бұған дейін блогер Сырым Итқұлов аталған мектепке Ресейдің «Россотрудничество» ұйымының өкілдері келіп, оқушыларға Кеңес Одағы туралы дәріс өткізгенін хабарлаған. Оның айтуынша, мектеп мұражайында Лениннің бюсті мен кеңестік символдар қойылған. Сондай-ақ кездесуде КСРО-ға қатысты көзқарасты өзгерту қажеттігі айтылған.

Ал Алматы қаласының Білім басқармасы 19 қазанда өткен кездесудің Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларын еске алуға арналғанын түсіндірген.

Алайда Қаныбек Жұмашев бұл жағдайды қатаң сынға алды.

«Мектеп – ұлттың келешегін тәрбиелейтін орта. Әркімге өз идеясымен, ойымен мектепке кіріп, оны насихаттауға тыйым салынған. Бұл әлемдік тәжірибе», – деді ол.

Министрліктің бұрынғы өкілі мұндай шараның өткізілуін бақылаудың жеткіліксіздігімен байланыстырды.

«Алматының бір мектебінде еліміздің ішкі саясатына сай келмейтін шара өткізілген екен. Өкінішке орай, бұл біртұтас ұстанымның, бақылаудың жоқтығын білдіреді. Өскелең ұрпақтың санасын қорғауға міндетті лауазым иелері жауапкершілікке тартылуы тиіс деп ойлаймын», – деп мәлімдеді Қаныбек Жұмашев.

Енді басты сұрақ – мектепте шын мәнінде қандай мазмұндағы дәріс өткізілді, оған кім рұқсат берді және министрлік өкілінің мәлімдемесінен кейін қандай шешім қабылданады?

Әзірге аталған іс-шараға байланысты нақты заң бұзушылық анықталғаны немесе жауапты тұлғалардың жазаланғаны туралы мәлімет жоқ.

 

Барлық жаңалықтар