Танымал сарапшы, блогер Олжас Әбіл қазақ айтысы мен Жүрсін Ерманға қатысты өткір пікір білдіріп, ащы шындыққа құрылған пайымын жеткізді. Блогердің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында Олжас Әбіл қазақтың айтыс өнерінің бұрынғысы мен қазіргі жағдайын салыстырып, айтыстың осы деңгейге түсуінің себебін қарастырыпты.
"Жақында осы жерде бір әңгіме болды. Димаш Жүрсін Ерманға сәлем беруге барып, Жүрсекең оған қатайып отыр екен, соны біраз жұрт у - шу қылды.
Кісі артынан сөз айтудан қашқалақтап жүретін жан едім, бірақ сол бір жайт тілімді қышытты.
Шыны керек Жүрсекеңе менің де ішім жыли қоймайды. Біреулер сол кісіні әспеттеп пәлен, түген деп жатады, ал менің ол кісіге қатысты ойым өзгеше.
Жүрсекең менің көз алдымда микрофон ұстап қазақ айтысының бұрышында "роқмет роқмет" деп гүжілдеп отыратын жан ретінде қалды.
Баяғыда небір ақындар, дүлділдер болды, ол кезде бала болсақта, айтыс көреміз, халық айтыс қарайтын...
Сол заман... ал ақындардың арқасы қызды енді көсілді дей бергенде осы Жүрсекең микрофонын ұстап "роқмет роқмет" деп гүжілдеп шорт кесіп тоқтатып отыратын.
Әлі есімде, айтыста бір әділетсіздік орын алды. Соған қарсылық ретінде қазы боп отырған марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы орнынан тұрып, әділдік орнамаса айтыстан кететіндігін мәлімдеген болатын. Одан соң Жүрсекең өзі шығып микрофонын алып гүжілдеп "кетем - сетем дегендерің неткенің, кетсең кете бер" дегенге келтірді. Айтқан тұрмақ әділдік талап еткеннің де шаңы шығып кететін бұл жерде. Міне Жүрсін айтыс деген шамамен осындай айтыс еді.
Бұл айтыс кезінде КГБ ның тұсында іргетасы қаланып олар бұл жерде артық сөздің айтылмайтындығын қарап отыратын, одан кейін қалмақ шал оны жалғастырды.
Ал Жүрсекең соны жүргізді. Бұл оның айтысы шын мәнісінде айтыстан гөрі декоративтік сөз сайысқа ұқсайтын нәрсе еді.
Шіркін қазақтың нағыз айтысы қандай еді... Оны сығаласаңыз тарихтан көресіз.
Баяғыда Арқада Құнанбаймен Алшынбайдың бет қаратпай, түкірігі жерге түспей тұрғанда Шөже ақын келеді де бір отырыста екеуін қадайды.
"Бір соқыр мен тазға күнің қараған неткен сорлы едің" дегендей болады. Анау екеуін тірідей көміп кетеді, смерть қылады.
Нағыз айтыс, ақын, айтушы дегеніңіз жалпы осындай, хан - саныңа қарамайды, ақиқатын бетіне былш еткізеді, ал оны айтатын дуалы ауыз ақындарды, айтқыштарды халық қадырлеген.
Нағыз айтыс, ондағы сөзді айту, өзектіні сөзбен жеткізу, ойды өлеңмен өру дегеніңіз — қазақ үшін оның саясаты, ашынған үні, ақиқаты, мұң - мұқтажы төгілетін жер еді. Оны кейде тіпті осы Жүрсін айтыстан да байқауға болады. Онда шындық қаңғып бір жерден сығалап шығып кеткенде жұрт ду ете қалатын. Шыны керек одан соң ол ақын біраз уақыт айтыстан көрінбей қалатын, оны өздеріңіз де білесіздер Кезінде Бұқар жырау да Абылайға датын айтушы жырау болмас бұрын ертеректе кәдуілгі ақындардың бірі болған болар деп жобалаймын, өйткені сақарада жыраулар институтының қалыптасуының одан басқа жолы жоқ еді. Сол Бұқар жыраулар нағыз саясат қой.. Хан қасында саясат жүргізіп отыр.
Бұрыңғы айтыс, нағыз айтыс деген шамамен осындай - ды.
Осы айтысы бүгінде жұмыс істемеген соң, айтушысы болмаған соң қазекең байғұс ақиқатты балаларын шұбыртқан ашынған ана ауызынан, топқа шыққан мұнайшының сөзінен, басқа сөз ұстаған адамдардан естігендей боп жүр.
Ал ана аталар салған сөзді жеткізудің дәстүрлі жолы сол Жүрсекеңнің "роқмет роқметінен" аспады. Қазақ трагедияларында оның қасында жоқ, "желтоқсанда" жоқ, "жаңаөзенде" жоқ.
Қазір тіпті сол айтысты жұрт қарай қоймайтын да шығар.
Сол "роқмет - роқмет" айтыс шамасы Жүрсекеңмен келіп, Жүрсекеңмен бірге кететін болу керек. Оның жөні соған келіп тұр", - деп
жазды Олжас Әбіл.
Блогердің бұл жазбасына қатысты пікір білдіргендер расымен де қазақ айтысының деңгейі күрт төмендеп, Жүрсін Ерманның тұсында өткір шындықты айта алмайтын жағдайға жеткенін айтуда.
"Нұртілеу аға оны Амангелді Сейтханов ұтылғанда айтты помоему. Былай Жүрсін деген казинодан шықпайтын, айтыстың бюджетін тонап жүрген адам деп білемін", "Жүрсіннің кезінде өңкей өзі сияқты ақындар шықты ортаға, сондықтан біреуі блогер, біреуі коуч ақша табудың жолына түсіп, ақындық деген аманатты сатып кетті. Шынтуайты осы. Ең жаманы ешкімде жоқ асыл өнерімізді өшіріп кетті", "Елді бұзып жатқан ақындар , сол кездегі Жүрсіннің "послушный- псевдо" ақындары - Тазабеков , Айнұр-сақау, ит.д!!!" дегенге саятын пікірлер көптеп жазылуда.