Мектеп бағдарламасына енгізілген пәнге қатысты әлеуметтік желіде ата-аналар арасында қызу пікірталас басталды. Кейбірі балаларының не оқып, қандай тапсырма орындауға тиіс екенін білмейтінін айтып, бағалау тәртібіне күмән келтірді. Әсіресе, оқулықсыз өткізілетін сабақта оқушының білімін қалай бағалауға болатыны көпшілікті алаңдатып отыр, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» пәніне қатысты ата-ананың жазбасы қызу талқыланып жатыр.
Жазба авторы баласының электронды күнделігінен бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) нәтижесін көргеннен кейін наразылық білдірген.
Оның айтуынша, бұл пән бойынша оқулық жоқ, сабақта нақты қандай тақырыптар өтілетіні белгісіз. Соған қарамастан оқушыларға тапсырмалар беріліп, бағалар қойылып жатыр.
«Мына цифрлық сауаттылық деген не пән өзі?! Кітап жоқ, нақты не өтетіні белгісіз, бала не оқып, қалай дайындалуы керек? Бүгін БЖБ жазып қойған. Біз оның не пән екенін түсінбей жүргенде, бала қалай дайындалсын?! Сосын баладан нәтиже талап етеді. Қалай дайындалсын, немен дайындалсын?! Оқулығы жоқ, нақты материал жоқ! Ата-ана баласының не оқып жатқанын білмесе, бұл кімнің жауапкершілігі? БЖБ-ны неге алдын ала дайындалуға мүмкіндік бермей өткізеді?» — деп жазды ата-ана.
Жазбаға тіркелген электронды күнделіктің суретінде пәннің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп көрсетілген.
Онда оқушының үлгерімі 73 пайыз екені, ал болжамды бағасы төрт екені көрінеді. Сондай-ақ бөлім бойынша жиынтық бағалаудан 14 ұпайдың 10-ын алғаны көрсетілген.
Ата-ананың наразылығын туғызған басты мәселе — баланың алған бағасы ғана емес, оның қандай материалға сүйеніп дайындалуға тиіс екенінің белгісіздігі.
«Барлық сабақтан 9–10 алады, ал осы пәннен 7 балл қойыпты»
Жазба астында басқа ата-аналар да осындай мәселеге тап болғандарын айтып, пікір қалдырған.
Бір қолданушы баласының басқа пәндерден жақсы баға алып жүргенін, ал осы сабақтан төмен нәтиже көрсеткенін жазған.
«Кеше осы сабаққа қатты ашуландым. Барлық сабақтан 9–10 балл алады. Ал осы сабақтан қайдан алғаны белгісіз 7 балл қойыпты. Бала туылғанда қолына компьютер мен телефон ұстап туған жоқ қой. Осындай бағаны қалай қояды? Мұғалімге баланың қай жерден қателескенін, қай тақырыпты түсінбегенін түсіндіріп беруін сұрап жаздым», — дейді ата-ана.
Тағы бір пікір иесі де баласының басқа пәндерден жоғары баға алатынын, бірақ цифрлық сауаттылықтан төмен нәтиже көрсететінін айтып шағымданған.
«Бізде де осы мәселе. Барлық сабақ 9–10, дәл осы пән 8. Мұғалімдер, айтыңыздаршы, 8 балл 4 болып есептеле ме?» — деп сұраған ол.
Ал тағы бір ата-ана мұндай жағдай балаға да, ата-анаға да психологиялық қысым түсіріп жатқанын жазған.
«Сол күйдіріп, күйзеліске түстік қой. Бала оқымаса бір жөн. Бала оқудан бас алмайды. Өте таланты бар бала. Ашудың орнына мұғалімдері басып жатыр», — деген пікір қалдырған.
«Аптасына бір-ақ рет болатын сабақтан БЖБ не керек?»
Пікірталас барысында пәннің мазмұны мен бағалау тәртібіне қатысты өзге де сауалдар көтерілген.
Ата-аналардың бірі:
«Аптасына бір болатын сабаққа БЖБ не керек?» — деп жазған.
Оның пікірінше, аптасына бір рет өткізілетін пән бойынша оқушының білімін жиынтық бағалау қажеттігі түсініксіз.
Ал басқа қолданушы пәннің атауы мен мазмұнын нақтылаған.
«Цифрлық сауаттылық ол информатика пәні ғой, ең қажетті пән!» — деген ол.
Тағы бір пікір иесі:
«Жұмыс дәптері бар, соны толтырады, сурет салады, компьютер сыныпта жұмыс жасайды», — деп жауап берген.
Осылайша, пікірлерден ата-аналардың пән туралы түсінігі де әртүрлі екені байқалады. Бірі оқулық пен дайындық материалдарын іздесе, екіншісі бұл пәннің информатикамен байланысты екенін түсіндіруге тырысқан.
Мұғалімдер не дейді?
Пікірталасқа араласқан қолданушылардың бірі бөлім бойынша жиынтық бағалаудың қалай жүргізілетінін түсіндірген.
«БЖБ деген ол кітаптың өткен әр бөлімінен құралатын тапсырмалар жиыны ғой. Алдағы тапсырмаларды бермейді. Өтілген тапсырмаларды береді. Не қиындығы бар? Кітапты білсе, жақсы оқыса, БЖБ түк емес. Алдын ала келесі сабақта БЖБ жазамыз, түгел келіңдер деп оқушыларға айтылады. Сол кезде дайындалып бару керек өтілген тақырыптарды. Баға оқушының білім деңгейіне қарап қойылады. Өмірді қиындатпаңыздаршы, ата-аналар. Мұғалімдер біледі не істеп, не қойып жатқанын, жоспар бойынша», — деп жазған ол.
Алайда жазба авторы бұл түсініктемеге:
«Кітап жоқ осы сабақтан», — деп жауап берген.
Тағы бір ата-ана мұндай жағдайда бағалауға дайындық қалай жүргізілуге тиіс екенін сұрап, оқулықтың нешінші сыныпқа арналғанын нақтылауға тырысқан.
Ал бастапқы жазба авторы ата-аналар тобында да бұл мәселені көтергенін көрсететін хабарламаның суретін жариялаған.
Онда ол баласының цифрлық сауаттылықтан БЖБ жазғанын, бірақ оқулық болмағандықтан қандай тақырыптарды қайталау керегін білмегендерін айтып, келесі жолы мұндай жұмыстар туралы алдын ала ескертіп, өтілген тақырыптарды хабарлауды сұраған.
Бала өзі білмейтін талап бойынша қалай бағалануы керек?
Әлеуметтік желідегі пікірталаста бір мәселе анық байқалады: ата-аналар балаларының қандай тақырыптарды меңгеруі керегін, бағалау жұмысына қалай дайындалатынын білгісі келеді.
Ал пәнді қорғаған пікір иелері цифрлық сауаттылықтың қазіргі заманда қажетті екенін және оқушылардың білімін бағалау қалыпты оқу үдерісінің бір бөлігі екенін алға тартқан.
Дегенмен пәннің қажеттілігі мен оны оқыту, бағалау тәртібі — екі бөлек мәселе.
Оқушыға білімін көрсету үшін қандай тақырыптарды меңгеруі қажет екені түсінікті болуы керек. Ата-аналар да баласының нені оқып жатқанынан және қай жерден қиналып жүргенінен хабардар болғысы келеді.
Threads желісіндегі жазба осы мәселелерге назар аудартты.
