Әлуметтік желіде анонимді атпен жазба жариялаған жігіт өзінің әскерде көрген сорақы жағдайлары туралы айтып, бүгінге дейін ішінде сақтап келген бұл масқарадан осылай құтылмақ болғанын жеткізді деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде panther.3978284 аккаунтының иесі әдейі осылай фейк аккаун ашқанын ескерте отырып, әскерде өз басынан өткен масқара жағдайды баяндады.
"Бір жылға жуық сақтап жүрген ішімдегі сырды айту үшін осылай фейк аккаунт аштым. Мынадай сырды арқалап жүре алатын емеспін.
Мен Қазақстанның қарапайым баласымын. Бір жыл бұрын әскерден келдім. Бірақ әскерден күрт өзгеріп келдім.
Ол жақта көрген сұмдықтарды кімге айтарымды білмедім.
Бір күні командир түнгі уақытта шақыртты. Киініп, оның кабинетіне барғанымда, қолында стаканда виски ме, коньяк па барын, аздап масаң екенін байқадым.
Жаныма келген командир маған өте анайы, өте сұмдық нәрсе жасауымды бұйырды. "Естіп тұрсың ба, мал?"деп ақырған командир "егер жасамасаң, бұл жерден тірі шықпайсың" деп дамбалын шешіп, қарсыма тұрды.
Мені күшпен еңкейткен ол дегенін жасатты. Мына оқиғадан соң есімді жинай алмай қаншама күн жүргенім белгісіз, командир тағы да шақыртып, әлгіні қайталатты", деген жігіт осы оқиғадан кейін өмірі де өзі де қатты өзгергенін айтады.
"Әскерде көп жігіттердің өздеріне қол салуына шамамен не себеп екенін білемін. Бүгін ғана сөйлескен солдаттың ертең өлгенін есту әдетке айналған. Неге?" Деген аноним жігіт себебін алыстан іздемеуді айтты.
Анонимді жазбаға танымал блогер Сырым Итқұлов, белгілі заңгер Ләззат Рақышева да пікір білдіріп, "бұл мәселені бұлай қалдырмауды, қолдан келген көмекті беруге дайын" екендерін жазды.
Осы жазбадан кейін әскердегі масқара туралы айтқан анонимді жігіт өзіне белгісіз нөмірлер хабарласып, тіпті бірі қорқытқанын да айтып, "мен қорқа бастадым" деді.
Әйтсе де, әскердегі мынау масқара жұртқа жаға ұстатып, "қандай болғанда да әлгі командирді жазалау керек" десуде.
Ұл өсіріп отырғандарды мына жазба есеңгіретіп жібергені сөзсіз.



