Алматыдағы мектептердің бірінде оқушыларға өткізілген тарихи дәріс қоғамда қызу талқы туғызды. Блогер Сырым Итқұлов білім ордасында шетелдік ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен шараға наразылық білдіріп, оны кімнің келісімімен ұйымдастырғанын сұрады, деп жазады Democrat.kz.
Блогер Сырым Итқұлов Threads әлеуметтік желісінде Алматы қаласындағы №32 мектепке қатысты жазба жариялады. Оның мәлімдеуінше, білім ордасына Ресейдің «Россотрудничество» ұйымының өкілдері келіп, оқушыларға Кеңес Одағы туралы дәріс оқыған.
«Ленин, орақ пен балға Алматыдағы №32 мектепте. Балаларға «Россотрудничество» өкілдері келіп, Кеңес Одағы туралы дәріс оқып жатыр», – деп жазды блогер.
Сырым Итқұловтың айтуынша, шара барысында кеңестік кезеңге қатысты ұрандар айтылып, КСРО тарихына оң көзқарас қалыптастыру қажеттігі жөнінде сөз қозғалған.
«Біз коммунистік еңбек жеңісіне жетеміз» деген ұранның қолданылғанын алға тартқан блогер Кеңес Одағына деген бүгінгі көзқарасты өзгерту қажет деген пікір айтылғанына да назар аударды.
Ол мұндай тарихи дәрістерді кімнің келісімімен өткізуге болатынын сұрап, шетелдік ұйымдардың Қазақстан мектептеріндегі қызметін бақылау мәселесін көтерді.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде де талқыланып жатыр. Ulysmedia.kz жариялаған мәліметке сәйкес, тараған бейнежазбада өзін «Россотрудничество» қызметкері ретінде таныстырған әйел оқушыларға тарихи жадының маңызын түсіндіріп, оларды «Тарихи марафон» жобасына қатысуға шақырған.
Аталған басылымда келтірілген пікірлердің бірінде қолданушы мектеп бөлмесінде КСРО туы мен Георгий лентасы болғанына наразылық білдіріп, кеңестік тарихты баяндағанда қазақ халқы бастан өткерген ашаршылық, қуғын-сүргін және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да ескерілуге тиіс екенін айтқан.
Әлеуметтік желідегі пікірталастың негізгі өзегі – тарихты оқытуға қарсылық емес, шетелдік ұйымдардың Қазақстан оқушыларына қандай мазмұндағы ақпарат беріп отырғаны.
Айта кетейік, Алматыдағы №32 мектепте жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы бұрыннан жұмыс істейді. Бұл мұражайдың «Россотрудничество» ұйымымен және Ресейдегі тарихи жобалармен байланысы туралы бұған дейін де ақпарат жарияланған.
Мәселен, 2022 жылы аталған мектеп оқушылары Ресейдің этнографиялық диктантына қатысқан. Сондай-ақ мектеп мұражайының белсенділері Сталинград шайқасына арналған халықаралық конференцияға қатысқаны хабарланған.
Демек, білім ордасының ресейлік ұйымдармен тарихи-ағартушылық бағыттағы байланысы бұрыннан бар. Алайда бұл қазіргі даулы дәрістің мазмұны мен оны өткізу тәртібі туралы сұрақтарды жоққа шығармайды.
Қазақстанның білім беру жүйесі зайырлылық қағидатына негізделген. Мектептердегі тарихи тәрбие оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, тарихи оқиғаларды жан-жақты түсінуіне және Қазақстанның тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарын құрметтеуге бағытталуға тиіс.
Кеңес Одағының тарихын оқыту немесе соғыс ардагерлерін еске алу өздігінен заң бұзушылық емес. Бірақ тарихи-ағартушылық шара мен саяси-идеологиялық насихаттың арасындағы шекара анық сақталуы қажет.
Осы оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласының білім басқармасына бірнеше маңызды сұрақ туындайды.
№32 мектепте өткен дәрісті кім ұйымдастырды және оның мазмұнын кім бекітті? «Россотрудничество» өкілдері қандай келісім негізінде шақырылды? Оқушыларға кеңестік идеологияны дәріптейтін мазмұн ұсынылды ма? Мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы аталған шараның бағдарламасымен алдын ала танысты ма?
Ең бастысы, шетелдік ұйымдар Қазақстан мектептерінде тарихи және тәрбиелік кездесулер өткізген кезде олардың мазмұнына кім жауап береді?
Қазіргі уақытта блогер айтқан барлық мәлімдеменің расталғаны және аталған дәріске қатысты қандай да бір заң бұзушылық анықталғаны жөнінде ресми қорытынды жарияланған жоқ.
Сондықтан бұл жағдайға біржақты баға беруден бұрын Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласының білім басқармасы шараның мақсаты, ұйымдастырушылары және мазмұны жөнінде ашық түсініктеме бергені маңызды.