"Махамбет оқулары" байқауына қатысты байбалам шықты: Орындар алдын-ала сатылып қойған ба?

"Махамбет оқулары" байқауына қатысты байбалам шықты: Орындар алдын-ала сатылып қойған ба?

Алматы облысында өткен «Махамбет оқулары» байқауының ұйымдастырылуына қатысты мұғалім Жанат Жапақова әлеуметтік желіде күмән келтірді. Педагогтің айтуынша, облыстық кезең кеш басталып, көп оқушы қатысқанына қарамастан бір сағат шамасында аяқталған. Ал жүлделі орындар мен сертификаттардың алдын ала компьютерде теріліп қойылғанын көргенін айтқан мұғалім «орындар алдын ала белгілі болса, мұндай сайыстарды өткізудің не қажеті бар?» деген мәселе көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Жанат Жапақова Facebook-тегі жазбасында білім саласында көрген кейбір келеңсіздіктерді бұған дейін жариялауға құлқы болмағанын, алайда бұл жолғы жағдайды айтпай қала алмағанын жеткізген.

Оның сөзінше, Алматы облысында өткен «Махамбет оқуларының» облыстық кезеңі сағат 10:00-де басталуы тиіс болғанымен, іс жүзінде 11:00-ге жуық басталған.

«Облыстық деңгейде оқушы саны көп, бірақ 1 сағат көлемінде барлығын бітіріп қойғаны күмән тудырады. Ең қызығы, орындар, сертификаттар алдын ала белгілі болып, компьютермен жазып келуінде. Сонда орындар алдын ала қайдан білген?» – деп жазды педагог.

Жанат Жапақова қатысатын оқушының аты-жөнін ұйымдастырушылар дәл сол күні сұрағанын, тіпті оны қате жазғанын айтады. Соған қарамастан жүлделі орындар мен сертификаттар алдын ала дайын тұрғанын көргенін алға тартқан.

Педагог жазбасында Алматы облысының Білім басқармасын, Оқу-ағарту министрлігін және басқа мемлекеттік органдарды белгілеп, қолында айтқандарына қатысты дәлелдер бар екенін мәлімдеген.

Жазба мұғалімдер арасында да талқыланды.

Камила Анарбай мұндай жағдайдан кейін оқушыны конкурсқа апарудың мәні қалмайтынын жазған:

«Мұғалім осындай өрескелдік орын алатынын біліп тұрып, баланы конкурсқа апаруға жүрегі дауаламайды. Мұғалім түгілі бала да біледі, осындай әрекет орын алатынын».

Ал Janar Abubakirkz:

«Ештеңеге таңғалмайтын болдық. Себебі бұл – Қазақстан. Білім саласы былық-шылық болып кеткен», – деп пікір қалдырған.

Тағы бір пікір иесі Камила Анарбай осы жағдайға байланысты педагог портфолиосындағы конкурстық жетістіктерге де күмән келтіріп, «осындайдан ғой портфолионы аттестациядан алып тастасын деп жатқанымыз» деген пікір білдірген.

Жанаргүл Сағынбай Шарғабаева болса:

«Менің екі-үш күннен бері АББ мен ББ-на сенімім кетті», – деп жазған.

Жазба авторының өзі Алматы облысының Білім басқармасын белгілеп:

«Осындай сайыстар өткізудің не қажеті бар, егер орындар алдын ала белгілі болса?» – деген сауал қойған.

Әзірге Алматы облысының Білім басқармасы немесе байқауды ұйымдастырушылар тарапынан осы айтылғандарға қатысты жауап берілмеді. 

Барлық жаңалықтар