Түркістандық жас депутат Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты ауыр жағдайды бөлісіп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
«Бұл жазбаны қандай күйде жазып отырғанымды сөзбен жеткізу қиын. Мен — қолында кішкентай баласы бар, ажырасқан, жүрегі жараланған анасымын. Әкесіз өскен қыз болғандықтан, ер адамның мейіріміне тым мұқтаж болғанымды жасырмаймын», — дейді ол.
Нұрайымның айтуынша, ол отбасын құрамын деген сеніммен алға ұмтылған. Алайда шешуші сәтте өзін жалғыз сезінуге мәжбүр болған.
«Кейде біз біреуді қорғанышым, панам болады деп сенеміз. Жүрегіңнің ең нәзік тұсын ашып, сенім артамыз. Бірақ өмір тағы бір сынақ жібереді екен. Мен асықтым, сендім, қателестім. Бірақ өзімді кінәламаймын. Өйткені осы қателік маған ең үлкен сабақты үйретті: әйелдің бағасын ер адам анықтамайды. Әйелдің бағасын — өз жүрегі, өз ерік-жігері анықтайды», — дейді ол.
