Марқұм Ая Мантайдың естелік жазбасы жүрекке ауыр тиді

Марқұм Ая Мантайдың естелік жазбасы жүрекке ауыр тиді

Танымал продюсер Серік Аббас Шах парақшасында марқұм жазушы Ая Мантайдың естелік жазбасын бөлісті деп жазады Democrat.kz.

"Адамдар аштыққа да шыдайды, ауыр жұмысқа да шыдайды. Махаббат пен мейірімнің жоқтығы ең ауыр азап шығар деп хат жазыпты құрбым.

Саған күнде жүз адам «әдемісің», «ақылдысың», «талантсың», «білімдісің», «мықтысың» десе де, жақсы көрген адамыңның «Махаббатым!» деген сөзіне жетпейді.

Бала кезіңде сені әкеңнің: «Менің қызым әдемі, ақылды» деп өсіруі – болашаққа құйылған инвестиция. Әкеңнің махаббаты сенің жүрегіңді адами махаббатқа бөлейді. Бүкіл әлемді, адамдарды жақсы көресің, шынайы жаның ашиды. Әкеңнен алған махаббат көпке дейін сені қорғайды. Жігітіңді, тұрмысқа шыққан соң күйеуіңді, балаңды махаббат пен мейірімге бөлейсің.

Ал сен іздеген махаббат кешіксе ше? 

Қаншама сұлу, ақылды, өжет әйелдер махаббатын таппағаннан, кездестірмегеннен, сүйгенінің сатқындығынан, опасыздығынан қарайып, стерва боп кетті.

Әйелдердің үш тобы бар:
Бойында сезім көп, бірақ ақыл аз.
Бойында сезім аз, ақыл көп.
Бойында сезім де, ақыл да көп.

Ең қиыны – бойында сезім де, ақыл да көп әйелге өмір сүру.

Махаббатсыз өмір сүре алатын әйелдер бар. Оларға өмір сүру жеңіл.

Махаббатсыз, сезімсіз тұрмысқа шыға алмайтын әйелдерге қиын. Олардың кейбірі махаббатын күтіп жүріп, жалғыз қалды… Олар махаббатын күтіп жүріп, өмірден өтіп кетті… 

Махаббат – олар үшін ауа, тыныс алатын кислород. 

Махаббат жолында адамдар көп қателікке бой ұрады. Басын тауға да, тасқа да ұрады. Ол сонысымен құнды, әдемі, аяулы сезім.

Мен жалғыздықты емес, махаббатты таңдаймын!"деп жазылған Ая Мантайдың естелігінде. 

Барлық жаңалықтар