Танымал әнші, продюсер Бағым Мухитдинова өзінің кезекті сұхбатында жанына батқан ауыр қайғысы туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
"Әкем қайтыс болған күн әлі есімде. Таңғы сағат сегізде анам есігімді қақты. "Әкең көзін ашпай, оянбай жатыр" деп шырқыраған анамның артынан еріп, сыртқа шықтым.
Мен үшінші, ал әкем мен шешем екінші қабатта тұратын. Әкем көлікті оталдырмақ болып, сол жерде жүріп кеткен. Дәл сол сәтте қалада ешбір жақыным жоғы есіме түсіп, қалай болғанда да мықты болуым керегін түсіндім.
Күйеуім қала сыртына, Баян шетелге кеткен еді. Туыстар жаназаға келгенше атқарылуға тиіс ғұрыптарды өзім атқаруым керек болды. Себебі анамның ешнәрсеге қарайтын шамасы жоқ еді.
Әкем қайтыс болған соң, жетісін өткізіп, жұмысыма баратын күні аяғымды оқыстан тайып, сындырып алдым. Гипс тағып, өз бөлмемде жатқанда, өксік атып, қатты жыладым. Әкеме ренжідім, осындай халге түскеніме күйіндім. Неге?
Себебі әкеме әркез арқа сүйеп өскендіктен, қорғансыз сезіндім өзімді. Ал ең бастысы, жаназадан осы күнге дейін жылап, шерімді шығара алмаған едім. Сол өксік қысып, шерімді тарқаттым", деген Бағым Мухитдинова адамның ауыр қайғыда қандай азап шегетінін айтты.
Дайындаған Хақназар САДЫРХАН.