Марқұм Мәдина Ералиеваның сіңлісі әпкесі туралы ешкім білмейтін естелігімен бөлісті

Марқұм Мәдина Ералиеваның сіңлісі әпкесі туралы ешкім білмейтін естелігімен бөлісті

Қазақтың аяулы әншісі, марқұм Мәдина Ералиеваның сіңлісі Сағира Ералиева әпкесімен бірге өткен балалық және жастық шақтың қымбат сәттерін еске алды. Оның жазбасында елге сағынышпен оралатын Мәдинаның қарапайым өмірі, туған-туысқа деген ықыласы мен анасының қолынан шыққан киімдерді қуана киетін сәттері суреттеледі, деп жазады Democrat.kz.

Сағира Ералиеваның айтуынша, Мәдина Алматыдан Қазалыға жазғы демалысқа келетін кезде үйдің іші ерекше қуанышқа бөленетін.

«Ол келгенде менен бақытты адам жоқ. “Бәрім де, нарым да – Мәдина”», – деп еске алады сіңлісі.

Мәдинаның туған жерге келуі тек отбасы үшін емес, ауыл-аймақ үшін де қуанышты оқиға болған. Жаңа Қазалыдағы би алаңын ұйымдастырушылар әншіні вокзалдан күтіп алып, оның жаз бойы айтатын әндерін алдын ала реттеп қоятын көрінеді.

Алайда елге келген танымал әнші өзін ерекше күтуге жол бермеген.

Сағираның естелігінше, Мәдина таңғы сағат 5–6 шамасында үйдегі екі баланы ертіп, пішен оруға да барып жүрген. Ал кешкісін отбасы шай үстінде бас қосып, ән салып, әңгімелесетін.

Қазалы жұрты да Мәдинаны ерекше құрметтеген. Сіңлісінің жазуынша, жергілікті әкімшілік те әншіге сый-құрмет көрсетіп отырған. Осындай кездерде ата-анасы дастарқан жайып, қонақ күтетін.

Сағира Ералиеваның естелігіндегі ең жылы көріністердің бірі – анасының қыздарына киім тігіп беруі.

Бос уақытында Үлғара анасы балалар мен немерелерінің киімдерін өзі тігіп, соған қатты қуанатын болған.

«Әрине, менің де біраз ішкі-сыртқы киімдерімді қатарынан тігіп тастайды. Ойлап отырсам, сол маған тіккен киімдерін көрсеңіз ғой, Алланың бойына дарытқан шеберлігін айтсаңызшы...» – деп жазады Сағира.

Ол жариялаған ескі суреттердің бірінде Мәдина Ералиева жақындарымен бірге тұр. Сағираның айтуынша, фотода Мәдинаның жанында Фатима мен Жақсыгүл бар.

Жақсыгүл – Мәдинаның бала күнгі ең жақын достарының бірі. Ол төрт жасында төрт інісімен бірге жетім қалып, кейін бауырларына қамқор болып, оларды өсіріп-жеткізген екен.

Сағира тағы бір суретте Мәдина мен Фатиманың Қызылордада Жақсыгүлге арнайы келген сәті бейнеленгенін айтады.

Бұл естеліктер Мәдина Ералиеваның сахнадағы әйгілі әнші бейнесінен бөлек, туған жерге асығып жететін, таң сәріден ауыл тірлігіне араласатын, анасының тіккен киімін қадірлейтін қарапайым қыз болғанын аңғартады.

Жылдар өтсе де, отбасы жадында қалған сол қарапайым сәттер Мәдина Ералиеваның ең қымбат бейнесіне айналған.

Барлық жаңалықтар