Марқұм Сабыржан Махметов туралы жұрт білмейтін естелік жарияланды

Марқұм Сабыржан Махметов туралы жұрт білмейтін естелік жарияланды
Бірер күн бұрын қайтыс болған спортшы Сабыржан Махметовке қатысты журналист Фазылбек Әбсаттарұлы жұртқа беймәлім ерекше естелігімен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
 
"Кешелі бері Сабыржан Махметовтің қайтыс болғаны туралы біраз хабар тарады, жақсы сөздер жазылды. Бірақ солардың ішінде "бандитизмді насихаттай бермеңдер" дегенді оқып қалдым.
 
 Жалпы соңғы кездері 1990 жылдардың азаматтарын бандит деген көп айтыла бастады. Ішінде бандиттері де болған шығар.
 
Бірақ Сабыржан ағаны танитын адам ретінде айтайын, ол бандит болған емес. Сабыржан аға бандит емес батыр деген атқа лайық өмір сүрді.
 
Кешелі бері біраз ерліктері айтылды. Желтоқсан көтерілісі кезінде М.Шахановты қорғау тобын өзі құрып, қорғап жүргені де жазылды. Ішінде айтылмағанын жазайын. 2007 жылы Мұхтар Шаханов Халық рухы деген партияның ашылу съезін өткізді. Назарбаев билігінің "қылышынан қан тамып" тұрған кезі. Ұлы көсем ету пропагандасы шырқау шегіне жетіп тұрған еді. Оған қарсы шығу деген жүрек жұтқандық талап ететін. Сол кездері Шаханов билікке қарсы күресу үшін саяси партия, платформа құрды.
 
 Депутат кезінде айналасында құжынап жүргендердің көбі қорқып, бұғып қалды. Сол кезде айналасына нағыз жүрек жұтқандар ғана жинала бастады.
 
Шахановтың көмекшісі болғандықтан, сахнаның артындағы жағдайлар, асханадағы жағдайлар, бәрін іштен біліп отырғанмын: кім сатқын, кім дос, кім лақтырып кетті, бәрі бәрін.
 
Сатқындардан бөлек ҰҚК агенттері өріп жүрді. Кімге сенеріңді білмейсің. Съезд өтетін уақыт жақындаған сайын айналамыздағы давлениеде, қысым арта бастады. Шаханов кабинетіне адамдарды кезекпен кіргізіп отырғандықтан қысым, дәрменсіздіктер кәдімгідей сезілді. Түсініксіз торуылдайтындар көбейді. Сондай қысымдар күшейіп, жұмыс істемей жатып, отырып ақ терлей беретін сәтте, "ертең съезд болады" деген күні кешкісін Сабыржан Махметов бір топ спортшы жігіттермен келді.
 
 "Аға не көмек керек, ел үшін қызмет етуге келдік" деді. Біраз әңгімеден кейін Сабыржан ағаның спортшыларын менің басқаруыма берді.
 
Шаханов маған қарап "мына балаларды сенің басқаруыңа беремін" деді. Мен оларға ертең съезд кезінде не істеу керектігін айттым.
 
 Студенттер сарайының әр бұрыштары мен залдарға орналастырдым. Айтқандай залда біраз провокаторлар болды. Аяқ қолын бұрап сыртқа шығарып отырдық.
 
Егер Сабаржан аға секілді батырлар болмағанда елдік, мемлекеттік мәселелерде Қазақтың есесі кетер ме еді. Сол кездері Шахановтың айналасында жүрген ешкім жалақы не ақша алмайтын.
 
Көбі тегін қызмет етті. Оны да ескеру керек. Сол секілді Сабыржан аға да тегін қызмет етті. Шаханов бизнесмен емес, өз күнін өзі зорға көріп жүрген азамат қой. Осындай Сабыржан аға секілді азаматтардың арқасында елдігімізді көрсеттік. Заңдар бүкіл мәселелерді қамти алмайды, шеше алмайды. Кейде заң жүрмейтін жерлерде Сабыржан аға секілді батырлар Қазақтың мүддесін қорғады.
 
 Менің білетін ол толқын ағаларымыз Мемлекетке жасаған қызметі үшін ақы алған жоқ. Мемлекеттің ақшасын, бюджетті тонамады. Жер жерге, ру руға бөлінбеді. Байлық, қызмет қумады.
 
Халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетті деп ойлаймын. Араларында бір екі құмалаққа бола осындай арда азаматтардың атына кір жақпайық.
 
Әрине олар да пенде, пендешіліктері болады. Бірақ олардың ең үлкен ерліктері, елдік мемлекеттік мәселелерде пендешілікке салынбады.
 
Қай жерде Қазақстанға керек болса, олар сол жерден табылды.
 
Енді олардың ел үшін жасаған еңбектерін айтайық, пендешіліктерін емес. Жандары жаннатта болсын.
 
Солардан кейінгі ұрпақ біздер осы ағаларымыз секілді елге қызмет ете алсақ, мемлекет алдындағы міндеттерімізді атқара алсақ қуана алар едім",деп жазды Фазылбек Әбсаттарұлы. 
Барлық жаңалықтар