Мектеп директорларының конкурсындағы қитұрқылықтар мен әділетсіздіктер

Мектеп директорларының конкурсындағы қитұрқылықтар мен әділетсіздіктер
Түркістан облысында өтіп жатқан директорлардың конкурсына бақылаушы болып қатысқан Сафуан Жолай жұрт білмейтін қитұрқы жайттар туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
 
"Кеше Түркістан облысы білім басқармасында кезекті директорлар тағайындау конкурсының әңгімелесу кезеңі өтті. Атаулы конкурсқа бақылаушы ретінде қатысуға жолға шыққанмын.
 
Сағат 10:00-де жоспарланған директорлар тағайындау конкурсына ауа-райы қолайсыздығына (қалың тұман) байланысты кешігіп қалдым. Кешіккен соң, Түркістанға келген басқа да шаруаларымды бітіріп, түскі үзіліс уақытында басқармаға келдім.
 
Басқарма ғимаратында әлі конкурсқа қатысатын үміткерлер баршылық екен. Бұл жерде айта кететін жайт, үміткерлердің кезек күтіп отыруына жағдай қарастырылмаған. Конкурсқа қатысушылар ғимарат ішінде уақыт өткізіп, кезіп жүр.
 
Үзіліске шығып жатқан комиссияның хатшысына түстен кейін бақылаушы болып қатысатынымды ескерттім. Хатшы болса, «Егер қатыссаңыз, іштен шықпай соңына дейін отырасыз!» деді.
 
Бұрын-соңды бақылаушы болып жүріп, мұндай талапты естімеппін. Мүмкін, нұсқаулық өзгерген шығар, ол жағын кейін анықтай жатармын...
Түстен кейін нешеде басталатынын сұрадым.
«14:00-де» деп жауап берді хатшы.
 
Сағат 14:30 шамасында ғимарат сыртында конкурстық комиссияның төрағасы Жандос Нұрпейсовті жолықтырдым. Демек, 14::00-де басталатын конкурс әлі басталмаған.
Жауапсыздық емес пе?
 
Ереже бойынша әр үміткер үш мекемеге құжат тапсыруға құқығы бар екен. Сонда үш мекемеге құжат тапсырса, конкурсқа үш рет кіре ме?
 
 
Осыған дейінгі отырыстардың бірінде осы мәселеге қатысты Жандос Нұрпейсовке ұсыныс айтқым келген. Бірақ, «бақылаушы ешқандай ұсыныс айта алмайды» деп, комиссия төрағасы сөйлеуге рұқсат бермеді. Айталық, бір үміткер екі мекемеге конкурсқа түсуде. Алғаш кіргенде ол үміткер оң нәтиже алмады делік...
Ол үміткер екінші рет тағы кіреді, екінші мекеменің конкурсына.
 
 
 
Сонда, алғашқы кіргенде қанағаттанарлықсыз баға берген комиссия екінші кіргенде қанағаттанарлық баға бере ме?
Ақылға қонымсыз-ау...
Тағы бір түсініксіз жайт. Конкурс қортындысы сол мезетте дайын болса да үміткерлерге үш күннің ішінде жауап беріледі деп, қорытындыны таныстырмайды.
 
Егер екі мекемеге құжат тапсырған үміткер бірінші рет оң қорытынды алатын болса, екінші мекемеден бас тартуы мүмкін ғой. Бірінші конкурстың нәтижесінен бейхабар болған соң, екінші конкурсқа да қатысуға мәжбүр.
 
Конкурстық комиссия мүшелерін бұл мәселе қызықтырмай ма?
Әрине, қызықтырмайды...
Жалпы айтқанда, конкурстық комиссия мүшелерінің миссиясы:
Отырысқа қатысып, Жандос Нұрпейсовті комиссияның төрағасы етіп сайлау.
 
Сосын, сол төрағаның көзқарасына қарай қолды көтеріп-көтермей отыру ғана сияқты...
Бұл менің жеке пікірім.
Бірнеше рет конкурсқа бақылаушы ретінде қатысқанда байқағаным:
 
Үміткер конкурсқа кіргенде «тұрақты төраға» күлімдеп отырса, оң қортынды алады. Қабағын түйіп, зілмен сөйлесе ол үміткерді комиссия мүшелері де қолдай қоймайды...
 
Тағы айтам, бұл менің көзіммен көріп, түйген ойым.
«Бізге жала жапты!» деп, комиссия мүшелері Жандос Нұрпейсовті қолпаштап, мені сотқа беріп, шулап жүрмейік!
«ТҰРАҚТЫ ТӨРАҒА» мен «ТІКЕЛЕЙ ЭФИР» көрсетілмеуі, көңілге күдік ұялататыны анық!
Көпшілік не айтар екен?"деп жазды Сафуан Жолай. 
Барлық жаңалықтар