Мектеп ішіндегі жанжал: Ата-анамен жұлысқан педагогтардың әрекеті жаға ұстатты

Мектеп ішіндегі жанжал:  Ата-анамен жұлысқан педагогтардың әрекеті жаға ұстатты

Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы мектептердің бірінде бірнеше мұғалім мен мектепке келген әйелдің арасында болған жанжалдың видеосы тарады. Кадрларда дәлізде бірнеше адамның бір-бірімен қатты сөзге келіп, айқайласып тұрғаны көрінеді. Адина Назарбаева есімді желі қолданушысы видеодағы жағдайға қатысты өз нұсқасын жариялап, мұғалімдер тарапынан қысым мен күш қолданылғанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Тараған видеода мектеп дәлізінде бірнеше ересек адамның арасында дау болып жатқанын көруге болады. Бірнеше әйел мен ер адам бір жерге жиналып, бір-біріне дауыс көтеріп сөйлеседі. Видеодағы жазбада «Білім ошағы ма, әлде айқай-шу шығаратын орын ба? Түркістан облысындағы мектепте не болып жатыр?» деген сауал қойылған.

Адина Назарбаеваның айтуынша, оқиғаның толық видеосы әлеуметтік желіде тарамаған, бастапқы бөлігі қиылып қалған.

Ол жанжалдан бір күн бұрын өзін ата-аналар шақырып, мектеп мұғалімдеріне қатысты бірқатар мәселе айтқанын мәлімдейді. Келесі күні мектепте директордың қатысуымен жиналыс өтетінін естіген соң, білім ордасына барып, басшыға бірнеше сұрақ қоймақ болғанын жазады.

«Мен директорға сұрақ қою үшін келдім. Тыныш тұрған жерімде мұғалімдер артымнан видеоға түсіріп, тарата бастады. “Неге мені түсіресіздер, неге таратасыздар?” дегенімде жанжал басталды», – дейді ол өз жазбасында.

Адинаның сөзінше, мұғалімдер одан мектепке не мақсатпен келгенін түсіндіруді талап еткен.

Ол бұл талапты түсінбейтінін айтып:

«Директорға келген адам мұғалімдерге не үшін келгені жөнінде есеп беруі керек пе?» – деген сауал қойған.

Желі қолданушысы мұғалімдердің өзіне дауыс көтеріп, балағат сөздер айтып, күш қолданғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға кезінде өзінің жүкті екені де ескерілмеген.

«Олар менің жүкті екенімді біле тұра тоқтамады. Қолдары ішіме тиді», – деп жазған ол.

Алайда бұл – Адина Назарбаеваның оқиғаға қатысты жеке нұсқасы екенін атап өткен жөн. Видеодан жанжалдың нақты неден басталғанын және кімнің бірінші болып күш қолданғанын толық анықтау мүмкін емес.

Полиция шақырылған

Жазба авторының айтуынша, оқиға орнына 102 шақырылып, учаскелік полиция қызметкерлері келген.

Ол мектептегі бейнебақылау камералары тексерілген кезде оқиғаның толық көрінісі анықталатынын және өзінің айтқандарын дәлелдейтін материалдар бар екенін алға тартады.

Адина Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жасап, жағдайға назар аударуды сұраған.

Оның сөзінше, азамат директорға қандай да бір мәселе бойынша сұрақ қоюға келгені үшін мұғалімдер тарапынан қысым көрмеуі керек.

«Егер директорға келіп, сұрақ қойсаң, мұғалімдерге не үшін келгеніңді түсіндіруің керек сияқты. Ал оларға қарсы шықсаң, бірден жау болып қаласың», – деп жазды ол.

Жазбада сондай-ақ мұғалімдердің мектеп ішінде түсірілген видеоны үшінші тұлғаларға таратқаны туралы да шағым айтылған.

Қазір әлеуметтік желіде оқиғаның тек бір тараптың түсініктемесі мен жанжалдың қысқа видеосы таралып отыр. Сондықтан мұғалімдердің, мектеп басшылығының және полицияның ресми түсініктемесінсіз болған жайтқа түпкілікті баға беру ерте.

Егер видеоға түсіру, жеке өмірге қол сұғу немесе күш қолдану туралы шағымдар ресми түрде тіркелсе, олардың заңдылығына құқық қорғау органдары баға беруі тиіс.

Ал мектеп әкімшілігі мен видеодағы педагогтердің бұл оқиғаға қатысты ұстанымы әзірге жария болған жоқ.

Барлық жаңалықтар