"Мектепті жауып, сабақты тоқтатсын!" дейді кей наразы ата-аналар

"Мектепті жауып, сабақты тоқтатсын!" дейді кей наразы ата-аналар

Алматының жұқпалы аурулар ауруханасы күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Тұмау, ЖРВИ, жөтелмен ауырған бала саны азаймай тұр деп жазады Democrat.kz.

Соңғы бір апта көлемінде ЖРВИ жұқтырғандар саны 19 пайызға өскен. Науқастардың жартысынан көбі балалар.

Қалалық СЭС бақылау департаментінің мәліметінше, бір емес, бірнеше инфекция тарап жатқан көрінеді. 

Сол себепті өз бетімен ем қабылдау қауіпті екенін айтқан денсаулық сақтау саласының өкілі әр ауруға жеке ем тағайындалатынын алға тартады. 

Әлеуметтік желіде тараған "Еуразия Бірінші" арнасының осы видеосының астына пікір қалдырған жүздеген кісі "карантин жариялансын", "мектепті жауып, сабақ тоқтатылсын", "балаларымыз сұмдық ауырып жатыр", "кейбіреулер ауырып жүрген баласын мектепке жіберіп, басқаларға жұғып жатыр" деп дабыл қағуда. 

Расымен де, бұл вирустың түрі бөлек. Ешбір дәріге түспейтін дене қызуы бірнеше күн бойы жоғары дәрежеде сақталады. 

Мұнан бөлек, балада іш өту, құсу қатар жүретін жағдай жиі кездесуде.

Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №9 емхананың балалар бөлімінде дәрігерді күткен ата-аналармен сөйлескенімізде, балалар арасында сұмдық жүріп жатқан қазіргі ЖРВИ түрі өте ауыр түрде өтіп жатыр. 

Іш өту, құсу, дене қызуынан кейін басталатын жөтелді тоқтату тіпті қиын. 

"Маусымдық вирус қой. Алайда "маусымдық" деп мән бермей қарау мүмкін болмай тұр. Мектептен қызым ауырып келді. Бес күн қызды емдеп біттім дегенде, үйдегі қалған екі кішкентайыма жұқты. 

Іш өту, құсу, температура... Есімізді шығарды. Ешбір дәріге дене қызуын түсіре алмадық" деген Алтынай есімді келіншектің бір жасар ұлы жөтеліп бастағанда, үлкендердің өзі қиналып кетті. 

Десек те, алматылық СЭС мамандары вирустан сақтану шараларынан басқа, әзірге "карантин" туралы ештеңе айтпады. 

 

Барлық жаңалықтар