Мемлекет басшысы Жұмыс тобымен бірге конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады

Мемлекет басшысы Жұмыс тобымен бірге конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті деп жазады Democrat.kz.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды. 

Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады. 

Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты

 

– Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы: «Конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалды»

Президент: «Жұмыс тобының ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді»

 

Барлық жаңалықтар