Белсенді ұстаз Тілекқабыл Нұрышов елімізде өтетін оқушыларға арналған түрлі олимпиадаларға қатысты пікірімен бөлісіп, мемлекеттік гранттарға қатысты өз ұсынысын білдірді деп жазады Democrat.kz.
"06-08.01.2026 ж. Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі оздырылмақ. Әр өңірден үздік деп танылған 2 (екі) оқушы (әр пәннен, әр сыныптан) ғана соңғы республикалық кезеңге жолдама алатыны ережеде көрсетілген.
Осы орайда жуырда Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханыммен кездесудегі көтерген бір сұрағым, осы соңғы сатыға әр өңірден (әр сынып пен пән бойынша) қатысатын оқушылардың санын арттыруды сұраған болатынмын.
Сұраққа Гаджембек Тұрсынов мырза, кері байланыс орнатқанмен, нақты қанша оқушыға жолдама беретінін айтпады. Әрине, Дарын республикалық ғылыми практикалық орталығы басшысының ұстанымын жақсы түсінемін.
Ол басшы халықаралық олимпиадаға ең, ең деген үздіктерді ғана таңдап алғысы келетіні түсінікті. Дегенмен, соңғы республикалық кезеңнің жеңімпаздарының өздеріне берілетін марапат "ректорлық гранттар" ғана, мемлекеттік грант емес!
Оның өзі тек бір жылға ғана жарамды. Ал, түлектер ондай гранттарға онша қызығушылық тудырмайтынын айтады. Себебі, біріншіден ол ректорлық гранттарға шәкірт ақы төленбейді.
Екіншіден орта балл деңгейі төмендесе, ақылы негізге аударады екен. Өткен жылғы республикалық олимпиаданың 1-орын иегері, өзімнің қызымда биыл облыстық кезеңге өтіп тұрса да, ары қарай қатысудың тиімсіздігін айтып, бас тартып отыр.
Олимпиадаға дайындыққа кететін уақытымды ҰБТ-ға жұмсаймын деді. Себебі, заңгерлік мамандыққа өте жоғары балл керек.
Ал, олимпиада тапсырмаларының қиындығы әсіресе химия, физика сияқты пәндерден өте күрделі келетіні, ал гуманитарлық пәндер бойынша бағалау критерилерінің нақтыланбауы сияқты проблемаларда жеткілікті.
Мемлекет басшысының төмендегі мәлімдемесін басшылыққа алып, соңғы республикалық этапқа қатысатын оқушылардың санын көбейту, оқушылардың мотивациясын арттыруға көмектесері сөзсіз.
Қатысушы саны неғұрлым көп болған сайын, бәсекелестіктің де жоғары болатынын ескерсеңіздер. Тура осындай жағдай жалпы білім беретін пәндерден оздырылатын ғылыми жоба байқауларына қатысты. Жалпы болашақта мемлекеттік гранттарды дарынды оқушылардан "қызғанбаған" да дұрыс болатын шығар.
Егер, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсаты болса, оған жету үшін кейде мүмкін қате болуы мүмкін бірақ, барынша жан - жақты, кең көлемді марапаттау керек шығар.
Осы екі жоба негізгі дарынды оқушылармен жұмысты сараптап көрсеңіздер болады. Республикада қанша оқушы бар, оның қаншасы республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне жолдама алады.
Жалпы өзім, ата -ана ретінде де, педагог ретінде де Дарын РҒПО мен оның өңірлердегі облыстық "Дарын орталығы" филлиалдарының жұмысына оң баға беремін, жұмыстарының жақсы жолға қойылғандығын мойындаймын. Дегенмен, ұсыныстарымды ескереді деген ойдамын"дейді Тілекқабыл Нұрышов.