Металлургтер күні: Жезқазғанда Қаныш Сәтбаевқа құрмет көрсетілді

Металлургтер күні: Жезқазғанда Қаныш Сәтбаевқа құрмет көрсетілді

Металлургтер күніне арналған мерекелік бағдарлама Жезқазғанда қазақ ғылымының көрнекті өкілі Қаныш Сәтбаевты еске алудан бастау алды. Қаладағы ғалым ескерткішіне өңір мен «Қазақмыс» басшылығы гүл шоқтарын қойып, оның ел өнеркәсібінің дамуына қосқан тарихи үлесіне құрмет көрсетті.

Рәсімге Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғаболов қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, өндіріс мамандары мен сала ардагерлері де болды.

Жиналғандар Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған кен орындарын зерттеу мен олардың өндірістік әлеуетін ашудағы еңбегін еске алды. Ғалымның зерттеулері өңірдегі ауқымды тау-кен өндірісінің дамуына жол ашып, Жезқазғанның Қазақстанның маңызды индустриялық орталықтарының біріне айналуына ықпал етті.

Бүгінде Сәтбаевтың ғылыми мұрасы отандық геология мен тау-кен металлургия саласының тарихында айрықша орын алады. Оның идеялары мен еңбектері жаңа буын мамандары үшін кәсіби бағдар әрі ғылыми негіз болып қала береді.

Кәсіби мереке аясындағы тағзым рәсімі металлургияның қалыптасуына негіз қалаған тұлғаларды ұлықтап, саладағы ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге арналды.

Барлық жаңалықтар