Қазақстандық мұғалім сынып жетекшілігін пән мұғаліміне қосымша міндет ретінде жүктемей, оны бөлек штаттық қызмет ретінде қарастыруды ұсынды. Ұстаздың үндеуі әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Мұғалімнің айтуынша, қазіргі педагог тек сабақ берумен шектелмейді. Ол оқушының білім нәтижесіне жауап береді, сынып жетекшілік етеді, ата-анамен сөйлеседі, түрлі құжат толтырады, іс-шара ұйымдастырады, оқушыны байқауларға дайындайды, мектеп әкімшілігі және басқа мамандармен қатар жұмыс істейді.
«Қағаз, есеп, журнал, құжаттама, сынып сағаты, тәртіп, ата-анамен байланыс — мұның бәрі бір адамның мойнында», — дейді мұғалім.
Ұстаз мұндай жүктеменің білім сапасына тікелей әсер ететінін алға тартады. Оның пікірінше, мұғалімнен жоғары нәтиже күту үшін ең алдымен оған сабаққа дайындалуға, әр оқушымен жеке жұмыс істеуге уақыт пен мүмкіндік беру қажет.
Осыған байланысты ол сынып жетекшілігін жеке қызмет ретінде енгізуді ұсынады.
«Пән мұғалімі — пәніне жауап берсін. Сынып жетекшісі — сыныбына жауап берсін. Бұл мұғалімнің жұмысын азайту үшін емес, балаға бөлінетін назарды көбейту үшін керек», — делінген үндеуде.
Мұғалім бір педагогке бірнеше адамның міндетін жүктеп қойып, кейін одан білім сапасының төмендеу себебін сұрау әділетсіз екенін де атап өткен.
«Мұғалімнің жүктемесін азайту — білім сапасына инвестиция. Біз жұмыстан қашқымыз келмейді. Керісінше, өз жұмысымызды сапалы атқарғымыз келеді», — дейді ол.
Үндеу авторы бұл пікірді тек өзінің жеке мәселесі ретінде көтермегенін айтады.
«Мен мұны бір ғана мұғалімнің жанайқайы ретінде айтып отырған жоқпын. Бұл — күн сайын мектепте жүріп, сынып жетекшіліктің салмағын көтеріп жүрген әріптестерімнің де өтініші», — деді мұғалім.
Әзірге сынып жетекшілігін бөлек штат ретінде енгізу туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми шешімі немесе бастамасы жарияланған жоқ. Алайда ұстаз көтерген мәселе мұғалімдердің қағазбастылығы мен қосымша міндеттерін азайту жөніндегі бұрыннан айтылып келе жатқан пікірталасты қайта жандандырды.