«Мұғалім актер емес, сабақ сахна емес!»: Ұстаздар мектептегі шоуға айналған сабақтарға қарсы шықты

«Мұғалім актер емес, сабақ сахна емес!»: Ұстаздар мектептегі шоуға айналған сабақтарға қарсы шықты

Мектептегі ашық сабақтардың концерт пен қойылымға айналуы білім саласында тағы бір мәселені алға шығарды. Көрнекілік, интерактивті тақта, алдын ала дайындалған жауаптар мен әдемі безендірудің тасасында оқушының шынайы білімі қалып қоймай ма? Педагог Фарида Болатбаева осы сауалды төтесінен қойып, қалыптасқан тәжірибені сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Facebook желісінде педагог Фарида Болатбаева ашық сабақтарды өткізу тәртібіне қатысты өткір жазба жариялады.

«Шоу сабақ па, әлде нәтижеге бағытталған десант сабақ па?» деген сауал қойған ұстаз мектепте әдемі ұйымдастырылған сабақ пен шынайы білім беретін сабақтың айырмашылығына назар аударды.

Оның айтуынша, кейбір ашық сабақтарда түрлі көрнекіліктер, интерактивті тақталар, заманауи әдіс-тәсілдер мен алдын ала дайындалған тапсырмалар көрсетіледі. Оқушылар да қонақтардың алдында ерекше белсенділік танытады.

Алайда мұндай көрініс балалардың тақырыпты шын мәнінде меңгергенін дәлелдей алмайды.

«Шоу сабақта бәрі керемет көрінуі мүмкін: түрлі көрнекілік, интерактивті тақта, заманауи әдіс-тәсілдер, алдын ала дайындалған тапсырмалар, белсенді оқушылар. Көрген адам сүйсінеді, қонақтар риза болады. Бірақ сабақтың сыртқы көрінісі оқушының білімді меңгергенінің нақты дәлелі бола ала ма?» — деп жазды Фарида Болатбаева.

«Көрген адам сүйсінеді, бірақ бала не үйренді?»

Ұстаздың көтерген негізгі мәселесі — сабақтың сыртқы әсері мен нақты педагогикалық нәтиженің арасы.

Ол мұғалімнің кәсіби шеберлігі сахналанған көрініспен емес, күнделікті оқу үдерісіндегі жұмысымен бағалануға тиіс екенін алға тартқан.

«Меніңше, мұғалімнің шынайы кәсіби шеберлігі — сахналанған көріністе емес, нақты оқу үдерісінде көрінеді», — дейді педагог.

Фарида Болатбаева осыған байланысты ашық сабақтан гөрі «десант сабақ» тәсілін қолдайтынын мәлімдеді.

Оның түсіндіруінше, мұндай сабақта педагог өзіне таныс емес сыныпқа кіріп, балалардың білім деңгейін, мінезін және оқу қарқынын алдын ала толық білмей жұмыс жүргізеді.

Сол жерде оқушылармен байланыс орнатып, олардың назарын аударып, жаңа тақырыпты түсіндіріп, нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіс.

Бұл жағдайда алдын ала жаттықтырылған көріністен гөрі мұғалімнің кәсіби дайындығы, әдістемелік шеберлігі, икемділігі мен педагогикалық шешім қабылдау қабілеті маңызды болады.

«Мұғалімнің жетістігі қонақтардың қошеметімен өлшенбеуі керек»

Фарида Болатбаева сабақ сапасын бағалауда басты назар оқушының алған біліміне аударылуы қажет екенін атап өтті.

«Мектептегі сабақтың басты мақсаты — қонақтарға әсер қалдыру емес, оқушыға білім беру. Мұғалімнің жетістігі қолданған әдісінің санымен емес, оқушының нені түсінгенімен, нені үйренгенімен және нені өз бетінше орындай алғанымен өлшенуі тиіс», — деп жазды ол.

Ұстаздың пікірінше, көрнекіліктер мен жаңа технологиялардан толық бас тарту қажет емес. Бірақ олар сабақтың мақсатына жетуге көмектесетін құрал ретінде қолданылуға тиіс.

«Құрал мақсаттың орнын баспауы керек!» — деп ескертті педагог.

Бұл пікірмен келісетін желі қолданушылары да табылған.

«Өз-өзін алдау», — деп жазған пікір иелерінің бірі.

Ал тағы бір қолданушы:

«Дұрыс», — деп қолдау білдірген.

«Бізге көрсетілім үшін өткізілетін сабақ емес, нәтиже беретін сабақ керек!»

Фарида Болатбаева жазбасының соңында мектептегі сабақтың мәнін бірнеше өткір тұжырыммен жеткізген.

«Бізге көрсетілім үшін өткізілетін сабақ емес, нәтижеге жеткізетін сабақ керек!

Бізге қонақтардың қошеметіне бөленетін сабақ емес, оқушының білімін арттыратын сабақ керек!

Бізге сыртқы эффект емес, нақты педагогикалық нәтиже керек!» — дейді ол.

Автордың бұл үндеуі сабақ беру сапасын бағалауда сыртқы безендіру мен ұйымдастыру жұмыстарына емес, оқушының білімді меңгеруіне басымдық беру қажеттігін көрсетеді.

Өйткені алдын ала дайындалған көріністі сәтті көрсету мен оқушыға жаңа тақырыпты шын мәнінде меңгерту — екі бөлек нәтиже.

Педагог сөзін:

«Өйткені білім беру — сахна емес, ал мұғалім — актер емес. Мұғалімнің басты миссиясы — оқушыны оқыту, дамыту және білім сапасын арттыру. Шоуға емес — нәтижеге жұмыс істейік!» — деп түйіндеді.

 

Барлық жаңалықтар