«Мұғалім енді ЦОН-ның қызметкері ме?»: Белсенді ұстаз білім саласындағы жаңа бастамаға шүйлікті

«Мұғалім енді ЦОН-ның қызметкері ме?»: Белсенді ұстаз білім саласындағы жаңа бастамаға шүйлікті

Мұғалімнің мойнына тағы бір міндет жүктелмек пе? Білім саласындағы белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі цифрландырудың көлеңкесінде қалып жатқан күрделі мәселені көтеріп, жауапты мекемелерге өткір сауалдар жолдады, деп жазады Democrat.kz.

Білім саласындағы түйткілдерді ашық айтып жүрген белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі әлеуметтік желідегі жазбасында «Балажан» платформасы арқылы мұғалімдерге жүктелетін міндеттерге наразылық білдірді.

Оның айтуынша, педагогтер енді оқушылардың отбасылық жағдайына қатысты жеке мәліметтерді де түгендеуге тиіс көрінеді. Мұндай талаптың қаншалықты заңды екеніне күмән келтірген ұстаз мұғалімнің негізгі қызметі мен өзге мемлекеттік органдардың міндеті арасындағы шекара қайда қалғанын сұрайды.

Сәния Нүсіпәлі бұл мәселеге қатысты өз ойын бүкпесіз жеткізген.

"Білім саласында тағы бір цифрлық «жаңалық».

«Балажан» платформасы арқылы мұғалімдер ата-аналардың отбасылық жағдайын түгендеуі керек екен. Өгей әке, өгей шеше, азаматтық неке…
Кешіріңіздер, мұғалімнің міндеті қашаннан бері халықтың жеке өмірін түгендеу болып еді?

Бұл мәліметтерді жинау қажет болса, оған жауапты мемлекеттік органдар бар емес пе? Неге солардың жұмысын мұғалімге арта саламыз?

Мұғалімнің негізгі міндеті — балаға білім беру. Ал біз оны бірде есепшіге, бірде операторға, енді бірде халықтың жеке мәліметтерін жинаушыға айналдырып барамыз.

Цифрландыру дегеніміз — әр мекеменің жұмысын мұғалімге жүктеу емес!

Оның үстіне, мұғалімдерден жеке ЭЦҚ кілттері мен құпиясөздерін жинау мәселесі де бар. Жеке ЭЦҚ — біреуге таратып беретін мекеме кілті емес!

Сұрақ қарапайым: бұл мәліметтер не үшін жиналады? Қандай заңға сүйенеді? Оларды жинауға мұғалімнің қандай өкілеттігі бар?

ЦОН-ның жұмысын мұғалімге, мемлекеттік жүйенің міндетін мектепке арта берсек, онда сол мекемелер не үшін құрылған?

Білім сапасын арттыру үшін мұғалімнің уақытын баладан тартып алып, кесте толтыруға жұмсау керек пе?

Бір платформа енгізер алдында бір сұрақ қойылса екен:
Бұл жаңалық мұғалімнің жұмысын жеңілдете ме, әлде оған тағы бір міндет арта ма?

Білім саласына платформалар жарысы емес, жауапкершілігі айқын, міндеті нақты жүйе керек!»- деп жазады ұстаз. 

Сәния Нүсіпәлінің жазбасында екі мәселе қатар көтерілген. Біріншісі — мұғалімдердің ата-аналардың отбасылық жағдайына қатысты деректерді жинауға міндеттелуі. Екіншісі — педагогтердің жеке электрондық цифрлық қолтаңбалары мен құпиясөздерін жинау мәселесі.

Ұстаз бұл талаптардың құқықтық негізін сұрап қана қоймай, мұғалімнің уақытын білім беруге емес, өзге мекемелердің жұмысына жұмсаудың қаншалықты орынды екенін де мәселе етіп отыр.

Оның жазбасындағы ең өткір сауалдардың бірі — «ЦОН-ның жұмысын мұғалімге, мемлекеттік жүйенің міндетін мектепке арта берсек, онда сол мекемелер не үшін құрылған?» деген сұрақ.

Ал жазбаның түйіні білім саласындағы цифрландырудың түпкі мақсатына тіреледі: жаңа платформалар мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге тиіс пе, әлде оның онсыз да көп міндетіне тағы бір жауапкершілік қосу үшін енгізіле ме?

 

Барлық жаңалықтар