Қазақстанда орташа жалақы рекордтық көрсеткішке жетті деген ресми статистиканың тасасында маңызды бір дерек қалып отыр: білім саласы қызметкерлерінің жалақысы инфляцияға ілесе алмаған, деп жазады Democrat.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында білім беру саласындағы орташа жалақы 385 725 теңгені құрады.
Бір жылда номиналды жалақы 3,2 пайызға өскен.
Алайда осы аралықтағы инфляцияны есептегенде педагогтердің нақты жалақысы керісінше 6,5 пайызға төмендеген.
Яғни мұғалімнің есепшотына түсетін ақша былтырғыдан сәл көбейгенімен, сол ақшаға сатып ала алатын тауар мен қызмет көлемі азайған.
Ең үлкен құлдырау орта білім саласында байқалған. Бұл сектордағы нақты жалақы бір жылда 8,1 пайызға, бастауыш білім саласында 8 пайызға төмендеген.
Салыстыру үшін, құрылыс саласында нақты жалақы 5,9 пайызға, қаржы және сақтандыруда 5,1 пайызға, ауыл шаруашылығында 6,4 пайызға өскен.
Демек, соңғы бір жылдағы қымбатшылық Қазақстандағы педагогтердің жалақы өсімін іс жүзінде «жеп қойған».
Бұл көрсеткіш мұғалімдердің соңғы кезде көтеріп жүрген еңбек жүктемесі, сынып жетекшілігіне төленетін ақы және қосымша міндеттер мәселесін де жаңа қырынан көрсетеді.
Әлеуметтік желіде "мұғалімдер байып кеткен, жалақысы жоғары" дейтін пікірлер аз айтылмайды. Сондай сөз айтатындар мына дерекке не айтар екен?