«Мұғалімді қорлауды тоқтатыңдар!»: Ұстаздардың жанайқайы күшейді

«Мұғалімді қорлауды тоқтатыңдар!»: Ұстаздардың жанайқайы күшейді

Қазақстандық мұғалімдердің шыдамы таусыла бастағандай. Әлеуметтік желіде педагогтерге жүктелген кезекті цифрлық міндет қызу талқыланып, ұстаздар өздеріне қатысы жоқ жұмыстардың көбейгеніне наразылық білдірді. «Мұғалімді қорлауды тоқтату керек!» деген үндеудің артында білім саласындағы қордаланған мәселелер жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде «Балажан» платформасын толтыруға міндеттелген мұғалімдердің наразылығы күшейді. Педагогтер мен желі қолданушылары оқушылардың және олардың ата-аналарының жеке мәліметтерін жинау, түрлі құжаттарды толтыру, электронды жүйелерге ақпарат енгізу жұмыстарының шектен тыс көбейгенін айтып жатыр.

Талқылауға түрткі болған жазбалардың бірін жариялаған қолданушы мұғалімдердің жыл сайын жаңа платформалармен жұмыс істеуге мәжбүр екенін мәлімдеді.

«Balazhan сайтты ұстаздар толтырып отыр. Бұл қаншалықты заңды нәрсе? Бүкіл ата-ана мен баланың мәліметін толтырып. Жылда жаңа сайт шығады, соны көзіміздің майын ағызып толтырып отырамыз. Тоқтату керек қой мұғалімді қорлауды», — деп жазды ол.

Автор бұл жұмыстың педагогтердің негізгі міндетіне қаншалықты қатысы бар екенін сұраққа алған.

«Мұғалімдерді өздері сияқты қолдары бос көреді»

Жазбаға пікір қалдырған мұғалімдердің бірі жаңа платформалардың үздіксіз енгізілуін сынға алды.

«Еріп отырған адамдар сияқты осыны шығарып жатқан. Мұғалімдерді өздері сияқты қолдары бос көреді-ау. Жылда түрлі платформа шығарады. Кімге керек, неге керек ол нәрселер?» — деп ашуланған ол.

Тағы бір педагог бұған дейін де оқушылар туралы көптеген мәлімет тапсырғандарын еске салды.

«Өткен жылы Global толтырдық, тура «Балажан» сияқты еді ол да. Жыл сайын неге керек осындай? Бұның еш әлеуметтік картасын қағаз күйінде тапсырамыз ғой жылдың басында», — деп жазған пікір иесі.

Өзге қолданушы да осындай жағдайды баяндаған.

«Бұл мәліметтерді өткенде ғана бердік қой әлеуметтік педагогке. Акт толтырыңдар, үй аралаңдар деді. Аралап, қағазын толтырып өткіздік. Енді мынау шықты. Бұлай жалғаса берсе, қалай білім береміз балаға? Мың қырық қағаз», — деген ол.

Мұғалімдердің наразылығын туғызған басты мәселе — бір мәліметтің бірнеше рет, әртүрлі форматта сұралуы.

«Бір құжатты төрт түрлі етіп жасадық»

Пікірталаста педагогтердің есеп беру жұмысына қатысты тағы бір мысал келтірілді.

«Одан қалды бір құжатты 4 түрлі қылып жасадық. БЖБ, ТЖБ күндері КТЖ-да тұр, электронды мектепте тұр. Одан бөлек ТЖБ күндерін кестеге салып тапсырдық, енді тақырыптарымен жазып жатырмыз. Сол біреуге керек пе? Білім сапасының көтерілуіне пайдасы бар ма? Балажанға тіпті сөзім жоқ», — деп жазған мұғалімдердің бірі.

Оның айтуынша, бір ақпарат бірнеше құжатта қайталанады. Соған қарамастан педагогтерден сол мәліметті қайта рәсімдеу талап етіледі.

Ал басқа қолданушы мұндай жұмыстардың азаюдың орнына көбейіп жатқанын әжуалаған.

«Одан қалса, жыл басталмай комиссия», — деп жазған ол.

«Жеке ЭЦҚ кілтімен тіркелу қаншалықты заңды?»

Талқылауда мұғалімдердің жеке электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалану мәселесі де көтерілді.

«Балажан платформасын сынып жетекші өзінің жеке ЭЦҚ кілтін қолданып, оқушыларды тіркесін дейді. Қаншалықты заңды?» — деп сұраған қолданушы.

Тағы бір пікір иесі балалар туралы мәлімет жинауды мұғалімдерге тапсырудың қисынын түсінбейтінін жеткізген.

«Неге мұғалімдер прокуратураның жұмысын жасау керек? Расында келгенде ата-ананың қандай білім алып, қай жерде оқығанында мұғалімнің қандай шаруасы бар? Мұғалімді қорғайтын адам бар ма өзі? Балажанның не керегі бар? Неге оны мұғалім толтыру керек?» — деп жазған ол.

Бұл пікірлерде педагогтердің қызметтік міндеттерінің шекарасы мен жеке деректерді қорғау мәселесі қатар қозғалып отыр.

Жеке ЭЦҚ кілтін пайдалану және оқушылардың отбасылық мәліметтерін енгізу тәртібінің құқықтық негізі қандай екені де мұғалімдерді алаңдатқан.

«Психологтар мен әлеуметтік педагогтер не үшін бар?»

Жазбалар арасында мектептегі міндеттердің бөлінуіне қатысты да өткір пікір айтылды.

«Мен түсінбеймін, осындай платформаларды неге сынып жетекшісінің мойнына арта береді? Жетекшілік үшін қосылатын ақшалары 10 мыңға жетпейді. Осындай ақпараттық жұмыспен айналысып отырған бөлім не үшін, психолог, әлеуметтік педагогтер не үшін?» — деп жазған қолданушы.

Ол аталған мамандардың жұмысын да сынға алып, сынып жетекшісіне қосымша міндет жүктеудің әділдігіне күмән келтірген.

Ал тағы бір пікір иесі мәселені қысқа қайырған.

«Мектептерде мұғалім қалмасын деген саясат бұл», — деп жазған ол.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жағдайды әжуалап:

«Балажан, Балажан деп балажанды болмаймыз-ау», — деген пікір қалдырған.

Баланы оқытатын мұғалім бе, мәлімет жинайтын қызметкер ме?

Жарияланған пікірлерден ұстаздардың бір ғана платформаға емес, білім саласындағы есептілік жүйесіне наразылығы байқалады.

Олар әлеуметтік паспорт, оқушының отбасылық жағдайы, тәрбие жұмыстары, БЖБ мен ТЖБ кестелері, электронды жүйелердегі мәліметтер және жаңа платформаларға қатысты тапсырмалардың қайталанатынын айтып отыр.

Мұғалімдердің жазбаларындағы ортақ мәселе — осы жұмыстарға кеткен уақыттың оқушыларға білім беруге жұмсалмайтыны.

«Бұлай жалғаса берсе, қалай білім береміз балаға?» деген сауал да осы алаңдаушылықты білдіреді.

Ал «Мұғалімді қорлауды тоқтату керек!» деген үндеу педагогтердің өздеріне жүктеліп жатқан міндеттерді қалай қабылдайтынын көрсетіп отыр.

 

Барлық жаңалықтар