Мұғалімге шар үрлетіп, шаршататын мұндай сабақтың көк тиындық құны бар ма?

Мұғалімге шар үрлетіп, шаршататын мұндай сабақтың көк тиындық құны бар ма?

Мектептегі ашық сабақтың қалай өткізілуге тиіс екені әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ұстаздардың бірі ашық сабақты мерекелік қойылымға айналдырып, сыныпты безендіруге уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірін қолдаған мұғалімдер білім берудің орнына сыртқы көрініске басымдық берілетінін сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде ашық сабақ өткізу тәртібіне қатысты мұғалімнің жазбасы көпшіліктің назарын аударды.

Өзін әлеуметтік желіде profiz.kz_zhuldyzay деп таныстырған ұстаз ашық сабақты ерекше безендіріп, концерт немесе мерекелік қойылым түрінде өткізудің қажеті жоқ екенін айтты.

Оның пікірінше, ашық сабақ — мұғалімнің кәсіби шеберлігін, сабақтың мазмұнын және оқушылармен жүргізілетін жұмыстың сапасын көрсететін оқу үдерісі. Сондықтан оны шарлармен, түрлі суреттермен, көз тартатын әшекейлермен безендіру міндетті емес.

Ұстаз ашық сабақтың басты мақсаты көрерменді таңғалдыру емес, оқушыға білім беру екенін алға тартады.

Ол сыныпты сәндеуге, безендіруге жұмсалатын уақыт пен күш сабақтың сапасын арттыруға бағытталуы керектігін жеткізген.

«Ашық сабақ — мереке емес, шар ілетін»

Желіде жарияланған бейнежазбада ұстаз ашық сабаққа қатысты қалыптасқан түсінікті сынға алады.

«Ашық сабақ — мереке емес, шар ілетін», — дейді ол.

Ұстаздың айтуынша, ашық сабақта мұғалімнің кәсіби жұмысы мен оқушылардың білімді меңгеруі маңызды. Ал сыныпты түрлі шарлармен безендіріп, көрнекіліктерді шамадан тыс көбейту сабақтың сапасын анықтайтын басты өлшем болмауға тиіс.

Бұл пікірге басқа педагогтер де қолдау білдірген.

«Өте дұрыс айтасыз! Менің әр сабағым — ашық сабақ! Кез келген күні кіре беріңіздер деймін!» — деп жазды мұғалімдердің бірі.

Осы пікірдің өзінде ашық сабақтың мәніне қатысты маңызды ұстаным бар. Мұғалім тек арнайы тексеру немесе қонақтар келетін күні ғана тыңғылықты дайындалмай, күнделікті сабағын да сапалы өткізуге ұмтылуы керек деген ой айтылған.

Басқа қолданушылар да ұстаздың пікірін құптаған.

«Мен де сіз сияқты ойлаймын», «Дұрыс айтасыз», «Дұрыс айтып отырсың», — деп жазған олар.

«Ашық сабақтың жоспары тура тамаданың шоу бағдарламасы ғой»

Пікірталаста ашық сабақ өткізуге қатысты ерекше өткір пікір де жарияланды.

«Ашық сабақтың разработкасы тура тамаданың шоу бағдарламасы ғой», — деп жазған қолданушы сабақ жоспарын той жүргізушісінің ойын-сауық бағдарламасына теңеген.

Бұл пікір ашық сабақтың мазмұнынан гөрі оның қалай көрсетілетініне басымдық берілетін жағдайларды әжуалайды.

Сабаққа арнайы сценарий құру, түрлі ойындар мен қойылымдар ұйымдастыру, сыныпты безендіру, әр кезеңді өзгеше етіп көрсету мұғалімге қосымша жұмыс жүктейді.

Алайда осынша дайындықтың нәтижесінде оқушылар нақты қандай білім алып жатыр деген сауал назардан тыс қалмауға тиіс.

Ашық сабақтың мақсаты мұғалімнің ерекше қойылым ұйымдастыру қабілетін көрсету ме, әлде оның күнделікті сабақ беру шеберлігін бағалау ма?

Ашық сабақ пен күнделікті сабақтың айырмашылығы қандай болуы керек?

Жарияланған пікірлерден кейбір мұғалімдердің ашық сабаққа қатысты қалыптасқан тәжірибеге көңілі толмайтыны байқалады.

Ашық сабаққа дайындалу кезінде оның мазмұнын жетілдірумен қатар, көркемделуіне де уақыт бөлінеді. Мұндай жағдайда мұғалімнің негізгі жұмысына қосымша ұйымдастырушылық міндеттер жүктелуі мүмкін.

Ал ашық сабақты бағалауда сыртқы безендіру емес, сабақ мақсатының орындалуы, тапсырмалардың тиімділігі, оқушылардың белсенділігі мен білімді меңгеруі маңызды.

Сыныпта шардың ілінуі немесе қабырғаның түрлі суреттермен безендірілуі өздігінен сапалы сабақтың көрсеткіші бола алмайды.

Тіпті арнайы дайындалған бір ашық сабақтың сәтті өтуі мұғалімнің күнделікті сабақтары да дәл сондай деңгейде ұйымдастырылатынын білдірмейді.

Осы тұрғыдан алғанда, «Менің әр сабағым — ашық сабақ» деген пікірдің мәні ерекше.

Өйткені мұғалімнің кәсіби еңбегі тек әріптестері мен басшылық қатысқан бір сабақта емес, күн сайын оқушыларға берген білімінен көрінеді.

Threads желісіндегі жазба мен оған жазылған пікірлер ашық сабақтың шынайы мақсатына қатысты мәселені қайта көтерді.

Ашық сабақтың құндылығы — безендірілген сыныпта емес, баланың алған білімінде.

Барлық жаңалықтар