Редакциямызға хат жолдаған Түркістан облысы, Түлкібас ауданының мұғалімі Альжанова Жанаргүл әділдік іздеп жүргенін айтады деп жазады Democrat.kz.
Назарларыңызға Альжанова Жанаргүлдің мәселесін тұтас ұсынуды жөн санадық. Сонымен қатар тиісті орган қызметкерлері педагогтың бұл жанайқайын назарға алады деп үміттенеміз.
"Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты Ұрбұлақ атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткізілген конкурста орын алған заңбұзушылықтар жөнінде болып отыр.
Атап айтқанда, 12.09.2025 жылы Ұрбұлақ атындағы жалпы білім беретін мектебінде педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша “бастауыш сынып мұғалімі” бос тұрған лауазымға өткізілген конкурстық комиссия отырысына үміткер ретінде қатыстым.
Арнайы бекітілген тиісті талаптарға сәйкес, аталған конкурс педагогтерді жұмысқа қабылдау порталы арқылы жариялануы тиіс еді. Неге екендігі белгісіз, аталған талаптар мүлдем орындалмады. Ашықтық пен жариялы түрде өтуі тиіс конкурс, заңсыз іс-әрекеттерге толы болып, құпия түрде өткізілді.
Мәселен, НОБД ақпараттық базасында ашықтықпен жарияланбаған. Осы жағдайды айтып, мектеп әкімшілігінен сұрағанымызда, ол база қазіргі таңда жұмыс істемей тұр деп жауап берді. Бізді толғандырып отырғаны, аталған база сол күні еліміздің басқа жерлерінде жұмыс істеп тұрып, Ұрбұлақ атындағы мектепте аяқ астынан жұмыс істемей тұрғаны күмән туғызып отыр.
12.09.2025 жылы сағат 16:00 де маған мектеп әкімшілігінен қызметкерлер хабарласып, маған конкурс болады деп уақытын ескерткен болатын. Алайда, сол күні аталған уақыттан ертерек барғанымда, мектептегі қызметкер сіз қатысатын конкурс 15:00 де басталып кеткен деді.
Көп ұзамай, конкурстық комиссия мүшелері конкурс аяқталған соң, өкінішке орай, менің өте алмағанымды мәлімдеді. Мені толғандырып отырғаны, мен конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен мүлдем келіспеймін.
Өйткені, 5 жылдық педагогикалық өтілім бар болғанына қарамастан, конкурста менің іс-тәжірибем мен конкурсқа ұсынылған жинақтама құжаттарым толықтай қаралып, тиісті деңгейде бағаланбады.
Мәселен, бастапқы нәтижеде 46 баллға қол жеткізіп тұрғаныма қарамастан, қандай себептер болғаны белгісіз, менің жинаған балым бірден 26,5 ке төмендеп кеткен. Екінші үміткердің құжаттарын ашып көруді сұрандым.
Құжаттарының басым көпшілігі конкурстың соңғы күнімен ,яғни 09.09.2025 ж күнімен 5_6 диплом алған. Қанша жерден шебер ұстаз болса да 1 күнде түнделетіп диплом алуы мүмкін емес. Осы жағын да ескерсеңіздер...
Бұл бағалаудың заңдылығы қатты күмән тудырып отыр. Мұнан бөлек конкурс аяқталған соң мектеп директоры хатшыға «құжаттарын алып кете берсін беріп жібер» деп дөрекілік танытты. Ал , негізінде ол құжаттар мектепте 1 жыл бойы сақталуы тиіс болатын.
Конкурсқа құжаттар өткізілу мерзімі 29.08.2025 - 09.09.2025ж аралығы деп жарияланған. Қаралу уақыты 09.08.2025 ж-дан кейін 5 жұмыс күнін құрайды. Алайда, аталған конкурсқа құжаттар қабылдау мен комиссия мүшелерінің бағалауында бармақ басты, көз қысты құйтұрқы іс-әрекеттердің орын алып жатқандығы, менің құқығымның өрескел бұзылып, қатты күйзеліске түсуіме себеп болып отыр.
Мына жағдайға ерекше назар аударып қарасаңыздар Менімен конкурсқа түскен екінші үміткер Салтанат Қайратқызы жаңа оқу жылы басталғанда. 05.09.2025 жылы мектепке келіп, әлі конкурстың соңғы шешімі белгілі болмай тұрып, менің күдігімше, алдын ала мектептегі басшылардан рұқсат сұрап,1-сыныпты (1А - 1Ә) деп екіге бөліп, бөлінген сынып оқушыларының дәптерлерінің сыртын қолмен жазып толтырып берген. (Сынып жетекшісі дәптерлерді өзінде жасырып отыр).
Демек, бұл жағдай алдын ала келісілген түрде іске асырылып отыр деп ойлаймын. Осы орайда, конкурсқа қатысушы үміткер конкурстың қорытындысы шықпай жатып, мектепте не жұмыс атқарып жүр?
Мектептегі білім мен тәрбиеге жауапты тұлғалар не себепті осындай заңсыздыққа жол беріп отыр? Ол кісілердің де жауапсыздығына заң аясында тиісті шара қолданылса деймін!
Осы орын алған оқиғаны зерделеу мақсатында мектептегі бейнебақылау жүйелеріндегі жазбаларды толықтай тексеріп шығуды сұраймын! Алайда, мектептегі бейнебақылау камералардың сол күнгі жазбаларының қасақана өшіріліп кетпеуіне кім кепіл болады? Сол сыныпта менің де қызым оқитын еді.
Мұнан бөлек, аталған конкурстың жариялануы мен өткізілуінен де басқа бірқатар кемшіліктер орын алып жатыр.
Атап айтсам, 2,6, 8, 11 –сыныптарды екіге бөлу үшін, артық сағат алу мақсатында басқа мектептерден оқушыларды ата-анасының рұқсатынсыз, құжаттарын алып, оқушылар сабаққа келмей, 2 аптадан кейін мектеп есебінен шығарып тастаған. Тура осы оқушылар Ұрбұлақ мектебіне шалғай алыс ауылдардан бір мезгілде келеді,бір мезгілде кетеді. Бұл жағдай да күмән тудырып отыр...
Бүгінгі таңда тексеруге алсаңыздар, 23, 25, 26 оқушымен 2 сынып ашып отыр. Бұл заңға сәйкес пе? Тексеру жүргізулеріңізді сұраймын. Оқу жылының басында мектеп камераларын 100 пайыз оқу жылына дайын деп мәлімет береді.
Демек, осы оқушыларды мектеп видео камераларынан тексеруіңізді сұранамын. Мәселен, осы сыныптарды менің екі қызым оқиды. Оқушылардың арасында да жалған сынып ашу үшін келген деген сөздер бар. Оны барлық оқушылар біледі. Бұл жағдай мемлекет қаржысын жымқыру болып табылмай ма?
29.09.2025 жылы сағат 11:11 де мектеп хатшысы хабарласып, конкурс кезінде директор алып кет деген менің конкурстық құжаттарымды “бізде тұру керек екен, ауданнан тексеруге заңгер келді» деп мектепте 6 сынып оқитын қызымды сабақ уақытында үйге жіберген.
Мен құжаттарымның көшірмелерін бердім. Көшірмелер дайын болғанша 1 сағат күтті. Сабақ уақытында қандай заңға сүйеніп оқушыны үйге жіберді екен?. Бұл жерде де заңсыздық бар.
Жоғарыда көрсетілген аталған жағдайлардың барлығын ескере отырып, Түркістан облысы Түлкібас ауданында орналасқан Ұрбұлақ жалпы білім беретін мектебінде “бастауыш сынып мұғалімі” лауазымына өткізілген конкурстық комиссия жұмысының заңдылығына тиісті баға беріп, сынып бойынша толықтай тексеру жұмыстарын жүргізіп, заңбұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген азаматтарға заңдылыққа сәйкес тиісті шара қолдануларыңызды сұраймын" дейді Альжанова Жанаргүл.