Қазақстандық мұғалімдер сынып жетекшілігінің ауыртпалығы мен мардымсыз қосымша ақы мәселесін қайта көтерді. Әлеуметтік желіде ұстаздар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жолдап, еңбектерін әділ бағалауды талап етіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада сынып жетекшілеріне жүктелетін міндеттердің көптігі, ал сол жұмысқа төленетін ақының жауапкершілікке сай келмейтіні айтылған.
«Сынып жетекшісі ата-аналармен үздіксіз байланыста болады, оқушылардың әлеуметтік паспорттарын толтырады, құжаттар әзірлейді, сынып ішіндегі мәселелерді шешеді, түрлі іс-шараларды ұйымдастырады, есептер мен папкаларды реттейді. Мұның бәрі негізгі сабақ беруден бөлек атқарылуы тиіс жұмыстар», – дейді жазба авторы.
Ол мұғалімдердің уақыты құжат толтыруға, есеп беруге, ата-аналармен туындаған мәселелерді шешуге жұмсалып, негізгі міндеті – сапалы білім беруге жеткілікті көңіл бөле алмай отырғанын жеткізген.
«Мен қашан сабаққа дайындаламын? Қашан оқушының білім сапасымен айналысамын?» деген сауал көтереді ұстаз.
Жазба авторы сынып жетекшілігіне төленетін ақыны нақты жұмыс көлеміне қарай қайта қарауды, міндеттерін реттеуді және сынып жетекшілігін жеке штаттық бірлік ретінде қарастыру мүмкіндігін зерттеуді ұсынған.
Бұл үндеуге өзге педагогтер де үн қосты.
«Сынып жетекшісінің де пән мұғалімі екенін ұмытпау керек. Болмаса сынып жетекшісінің ақшасын 50 мыңға дейін көтерсін. Немесе сынып жетекшілігіне бөлек штат ашсын!» – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір мұғалім сынып жетекшілігіне төленетін ақы жауапкершілікке сай келмейтінін айтып, оның мөлшерін арттыруды талап еткен.
«Бітпейтін қағаз, есеп. Өтірік сапаны көрсету, мына жақтан ата-аналар... Шаршатты сынып жетекшілік. 10 мың емес, 100 мың төлейтіндей сұрайды бізден», – дейді келесі пікір иесі.
Ал тағы бір желі қолданушысы білім саласында платформалардың жиі ауысуы мұғалімдердің жұмысын одан әрі қиындатып отырғанын жеткізген.
«Жылда платформаларды ауыстыра бермей, жүйені тұрақтылыққа дағдыландыру керек. Өткен жылы WeGlobal, енді Balazhan деп миды шірітіп жатыр», – деп наразылығын білдірген.
Пікірлер арасында министр Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей үндеу жолдап, мұғалімдердің талап-тілегін тыңдауға шақырғандар да бар.
Ұстаздардың көтеріп отырған негізгі талабы – сынып жетекшілігінің міндеттерін нақтылау, артық құжаттарды қысқарту, қосымша еңбекақыны арттыру және мұғалімнің негізгі жұмысына жеткілікті уақыт қалдыру.
«Мұғалімнен сапалы білім беруді талап етпес бұрын, оның сол білімді беруге уақыты мен мүмкіндігі бар ма деген сұраққа жауап беруіміз керек», – деп түйіндейді жазба авторы.
Мұғалімдердің министрлікке жолдаған үндеуі бір ғана мәселені айқын көрсетіп отыр: сынып жетекшілігі жай ғана қосымша міндет емес, күнделікті уақыт пен үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбек.