«МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов отадан кейінгі жағдайын көрсетіп, ем жасаған дәрігерлерге және тілеулес болған жанкүйерлеріне алғыс айтты деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ауруханада түсірілген суретін жариялады. Фотода әншінің дәрігерлермен бірге тұрғанын көруге болады.
Кенжебек Жанәбілов ота сәтті өтуіне бірнеше медициналық мекеме мамандарының бірлескен еңбегі ықпал еткенін атап өткен.
«Менің тілегімді тілеп, жанын шүберекке түйген пенделерін Алла мейіріміне бөлесін! Бір-бірімен ақылдасып, отаның жақсы шығуына үлес қосқан үш емханаға алғысым шексіз! Қазақтарда білікті маман жетеді!» — деп жазды әнші.
Әнші жазбасында нақты қандай ота жасалғанын айтпаған. Дегенмен оның сөзінен медициналық көмектің нәтижесіне риза екені байқалады.
Сонымен қатар Кенжебек Жанәбілов денсаулығына алаңдап, ізгі тілегін білдірген барша жанға ризашылығын жеткізді.
«Барлықтарыңызды құшақтадым!» — деп түйіндеді ол жазбасын.
Өнер иесінің ауруханадан жариялаған жазбасы әлеуметтік желідегі оқырмандарының назарын аударып, жанкүйерлері әншіге тезірек сауығып, сахнаға аман-есен оралуын тілеуде.