21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот өтіп жатқан Шерхан Аймахан тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қысым тергеу изоляторында да, Алматы облысы Ақтас кентіндегі күшейтілген бақылаудағы мамандандырылған республикалық психиатриялық ауруханада да болған, деп хабарлайды Democrat.kz.
Айыптау нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды оның еркінен тыс алып кеткен, кейін қызды аңдып, оған пышақпен 35 рет жарақат салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындамайды.
Сот отырысында Аймахан психиатриялық ауруханада жатқан кезінде мекеме қызметкерлері өзін қорқытқанын айтты.
Оның сөзінше, аурухана қызметкерлері:
«Бұл жерден тек өлі күйіңде шығасың», – деген.
Сотталушы тергеу изоляторында да белгісіз адамдардың қысым көрсеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтық киімдегі адамдар одан болған оқиғаны қайта-қайта айтып беруді талап еткен. Ал Аймахан сол сәтте не болғанын есіне түсіре алмайтынын айтқан.
Айыпталушы «аффект жағдайында болдым» дейді
Шерхан Аймахан өз әрекетін аффект жағдайында жасадым деген уәж келтіріп отыр.
Алайда іс бойынша жүргізілген сараптаманың қорытындысы бұл нұсқаны растамаған.
Сарапшылардың тұжырымынша, Нұрай Серікбайға пышақ жарақаттарын салған сәтте айыпталушы өз әрекетінің қауіпті сипатын түсінген және аффект жағдайында болмаған.
Осылайша, сотта бір жағынан қылмыстың мән-жайы мен сараптама қорытындылары қаралып жатса, екінші жағынан сотталушының тергеу мен психиатриялық мекемедегі қысым туралы мәлімдемелері де назарға алынып отыр.
Қазір Шерхан Аймаханға қатысты сот процесі жалғасуда. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.