Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағымда үкімді едәуір өзгертуді сұрап отыр. Адвокаттар некеге мәжбүрлеу айыбын алып тастауды және адам өлтіру бабын жеңілдетуді талап еткен, деп жазады Democrat.kz.
Бұған дейін қорғаушылардың бірінші сатыдағы сот үкіміне шағым бергені белгілі болған еді. 31 тамызда апелляциялық шағымның нақты мазмұны жарияланды.
Адвокаттар Есболат Құрманбаев пен Серік Әбдиев Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты шығарған үкімді өзгертуді сұрайды.
Қорғау тарапы Аймаханды Нұрай Серікбайды некеге мәжбүрледі деген айып бойынша ақтауды талап еткен.
Сонымен бірге адвокаттар адам өлтіру әрекетінің құқықтық саралануын өзгертіп, жазаны жеңілдетуді сұрап отыр.
Бірінші сатыдағы сот Шерхан Аймаханды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын.
Енді істі апелляциялық саты қарайды. Үкім өзгерген жоқ және жаңа сот шешімі шыққанға дейін қолданыстағы үкім күшінде қалады.