"Өлетінін білді": Мәдина Ералиеваның сіңлісі ешкім білмейтін құпия жағдайды айтты

"Өлетінін білді": Мәдина Ералиеваның сіңлісі ешкім білмейтін құпия жағдайды айтты

Әнші Мәдина Ералиеваның сіңлісі Сағира Ералиева марқұм әпкесінің өмірінің соңғы айларындағы тосын өзгерістер мен айтқан сөздерін еске алды. Оның жазуынша, әнші қайтыс болардан шамамен жарты жыл бұрын ерекше түстер көріп, рухани дүниеге бұрынғыдан да жақындай бастаған деп жазады Democrat.kz.

Сағира Ералиеваның айтуынша, әпкесі көрген түстерінің кейбірін жақындарына айтқанымен, біразын ішінде сақтап қалған.

Бірде Мәдина Ералиева түсінде Арыстан бабтың «Келмейсің бе, күтіп отырмыз ғой» деген дауысын естігенін айтыпты. Таңертең көлігіне отырып, кесенеге арнайы барып, Құран бағыштаған.

Сіңлісі сол кезеңдегі әпкесінің суретіне қарап, оның көңіл күйінде қобалжу болғанын байқағанын жазады. Кейінгі оқиғаларды ой елегінен өткізгенде, әнші әлдебір сапарға іштей дайындалып жүргендей әсер қалдырған.

«Мешітке жиі барып, маған Құран кітапшаларын әкеле бастады. “Мешітке барып, анама Құран бағыштадым” десем, “Дұрыс, бағыштап тұр” деп қуанатын», – деп еске алады ол.

Сағира Ералиева сол кезде әпкесінің кейбір ескертуі мен сөздеріне аса мән бермегенін де жасырмаған. Алайда қайғылы оқиғадан кейін олардың әрқайсысы мүлде басқа мағынаға ие болған.

Оның айтуынша, жолға шығардан екі-үш күн бұрын Мәдина Ералиева сіңлісі мен оның балаларына бірнеше жылға жететіндей қалың әрі жұқа киім сатып алып, оқу ақысын да алдын ала төлеп кеткен. Бұған қоса, қысқа уақыттың ішінде жылы бас киім іздеп, сіңлісінің үйінің жанына гараж салдырып, көліктерінің бірін сонда қойғызған.

Соңғы сапарға шығарып салған сәтте әнші сіңлісіне:

«Арсеннің қасында өзің үлкенсің», – деген екен.

Сағира Ералиева бұл сөздің салмағын қаралы хабар жеткеннен кейін ғана түсінгенін айтады.

Ол бұл естелігін әпкесінің қазасына қатысты жылдар бойы айтылып келе жатқан түрлі болжамдар мен алыпқашпа әңгімелерге жауап ретінде жариялаған.

«Құрметті достарым, Мадинаштың қазасына байланысты небір алыпқашпа сөздерден гөрі, өзімнің айтқаным дұрыс деп шештім», – деп түйіндеген ол.

 

Барлық жаңалықтар