Премьер-министр Олжас Бектенов ел базарларындағы азық-түлік бағасының өсуіне себеп болып отырған жайттарға тоқталды. Оның пікірінше, бағаның негізсіз өсуіне делдалдықпен айналысатын ұйымдасқан топтар әсер етіп отыр деп жазады Democrat.kz.
Бектенов Сауда министрлігіне көтерме-тарату инфрақұрылымын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар заманауи сақтау қоймалары мен логистикалық қуаттарды құру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.
“Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуін тежеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды жалғастыру қажет”, – деді үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол өткен аптада Сауда министріне ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырғанын еске салды.
“Жасыратыны жоқ, базарларда “ұйымдасқан топтар” заңсыз әрекет етеді. Олар көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да тауарлардың бағасын қолдан көтереді. Бұл өнімсіз делдалдар. Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Бәсекелестікті қорғау агенттігі бірлесіп, осы мәселемен айналысыңыздар”, – деді Бектенов.