Премьер-министр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттер аясында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын іске асырудың ағымдағы мәртебесі бойынша кеңес өткізді деп жазады Democrat.kz. Үкіметке сілтеме жасап.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады.
Павлодар облысының Екібастұз қаласында жер учаскелері айқындалып, базалық келісімдер жасалып, қуаты 215 МВт болатын қосалқы станция сатып алынды, бұл «ДӨО алқабы» жобасының энергетикалық инфрақұрылымының негізін қалыптастырады.
Кеңесте инвесторлар үшін қажетті жағдайларды одан әрі жасау аясында энергиямен жабдықтаудың жеңілдетілген тарифтік моделі бекітіліп, қажетті инвестициялық және салықтық преференциялар айқындалды.
Бағдат Мусин халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. АҚШ, Қытай және Үндістаннан бұлттық есептеулер, үлкен деректерді өңдеу және жасанды интеллект салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам hyperscale-компаниямен келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша 100 МВт-тан астам қуатқа алдын ала сұраныс қалыптасты, ал «ДӨО алқабының» жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетеді және ірі якорлық клиенттерді орналастыруға есептелген.
Жалпы алғанда, «ДӨО алқабы» жобасын іске асыру Қазақстанда ірі өңірлік цифрлық хаб қалыптастыруға және әлемнің жетекші технологиялық компанияларын тартуға бағытталған.
Премьер-министр қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдетуді және жобаның барлық кезеңдерінің белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.