Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев біраз уақыт бұрын бастарынан өткен бір оқиғаны айтып, актер Тұңғышбай Жаманқұлов туралы ерекше қызық жағдайды еске алып, жұртты күлдірді деп жазады Democrat.kz.
"Тұңғышбай екеуіміз Қарағандыға гастрольге бардық. Жолға шықпас алдын келіншегі "Тұңғышбай майлы, ащы нәрселер жемесінші, панкреатиті бар, қазір диетада жүр" деп маған ескерткен.
Қарағандыға келген соң азаматтар "Три богатыря" деген жекеменшік үйге жатқызды. Тұңғышбай сол жерде жаңадан ашылған кафеде әкесі өлгендей, шашлык жеп қойған ғой.
Содан үйге келіп жаттық. Екеуіміз екі бөлмеде жатырмыз. Кенет арғы бөлмеден жаман дыбыстар шыға бастады.
"Өөөөөй, өлдім!" Деп бақырған Тұңғышбайға жедел жәрдем шақырдым. Бір кезде келген жедел жәрдемнің дәрігері Тұңғышбайды көріп "мәссаған, сізді тірідей көрем деп ойламаппын" десе бола ма?!
Сондағы Тұңғышбайдың айтқаны: "өөөөй, менің өлгенімді көрейін деп ең, ертерек апар ауруханаға" дейді ғой.Сөйтіп Қарағандыға барып, ауруханаға шапқылағанымыз бар", дейді Алтынбек Қоразбаев.