Оқу ағарту министрі Президенттің сұхбатына пікір білдірді

Оқу ағарту министрі Президенттің сұхбатына пікір білдірді
Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың жақында берген сұбатына Оқу ағарту Министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдіріп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
Министр өз парақшасында:
 
"Құрметті оқырмандар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл басындағы сұхбаты – елдің қазіргі жағдайы мен болашақ бағыттарын саралайтын маңызды саяси дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Түркістан газетінің бас редакторы, журналист Бауыржан Бабажанулы берген сұхбатында экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік, технологиялық даму және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін бір жүйеге біріктіріп қарастырды.
 
Бұл сұхбат елімізде жүргізіліп жатқан іргелі реформалардың жүйелі және ұзақ мерзімді екенін айқындайды.
Бүгінде елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық энергетиканы дамыту стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Ал, көлік-логистика саласындағы бастамалар елдің геосаяси орналасуын экономикалық артықшылыққа айналдыруға бағытталған.
 
Ауыл шаруашылығында тиімділік пен экспортқа бағытталған өндіріс алдыңғы орынға шықса, туризм саласында кәсібилік пен жауапкершілік басты басымдықта.
Салық саясатын мемлекет пен қоғам арасындағы келісім ретінде қарастыру, адал еңбек пен кәсібилікті басты құндылыққа айналдыру, заң мен әділеттілікті орнықтыру – қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған саяси бағдардың өзегі.
 
Жалпы, 2026 жыл елдің ұзақ мерзімді даму бағытын анықтайтын маңызды кезең болмақ.
Президент екпін салған басым бағыттардың бірі – цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту. Мемлекет басшысының «Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс» деген тұжырымы елдің технологиялық дамудағы стратегиялық мақсатын көрсетеді. Бұл бағытта биыл жасанды интеллект негізіндегі мектеп моделін енгізу, цифрлық платформалар құру және заңнамалық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
 
Қазірдің өзінде бұл бағытта белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Елімізде қазір білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға бағытталған жобалардың бірі - Qazaq Digital Mektebi. Бұл жоба аясында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы мектептер үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін цифрлық платформа құрылып жатыр.
 
Астана қаласындағы №107 мектепте жасанды интеллект негізіндегі мектеп моделін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Мектеп Alaqan, Protector AI, AI Mektep, AI Kitap, Roqed сияқты жүйелермен жұмыс істеп, математика мен қазақ тілі пәндерінің 5 сыныптағы мазмұнын жасанды интеллектіге сәйкес зерделеуде.
 
 Жасанды интеллект мұғалімдерге әдістемелік құрал дайындауға көмектеседі.
Министрліктің жанынан құрылған жұмыс тобы жылдың бірінші жартысында заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстарын әзірлейді және білім беру саласында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша пилоттық жобалардың тиімділігін бағалайды. Жұмыс тобының құрамына министрлікке қарасты ұйымдар, колледждер мен мектептердің сарапшылары, IT-компаниялар мен стартап жобалардың жетекшілері, тәуелсіз сарапшылар кірді.
 
Аталған жобалардың барлығы - Мемлекет басшысының тапсырмасымен цифраландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асатын үлкен істің бір парасы ғана.
Түйіндей айтқанда, сұхбатта Қазақстанның жаңғыру жолында популизмге емес, нақты есепке және ұзақмерзімді ұлттық мүддеге сүйенетіні көрініс тапқан. Бұл – Қазақстанды әділетті, технологиялық әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың айқын көрінісі."
 
Барлық жаңалықтар