Оқу-ағарту министрлігі жаңа бұйрық жобасын жариялады

Оқу-ағарту министрлігі жаңа бұйрық жобасын жариялады

Қазақстанның орта білім беру жүйесіне үлкен өзгерістер енгізілгелі жатыр. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарды деп хабарлайды Democrat.kz.

Аталған жобаға сәйкес, мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндердің атаулары өзгеріп, мазмұны заманауи технологиялармен байытылмақ:

  • «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып қайта аталады;

  • «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіледі.

Құжатта білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарға жасанды интеллект (ЖИ) бойынша арнайы оқу мазмұны енгізілетіні көрсетілген.

Өзгерістердің негізгі себебі не?

Министрлік сипаттамасында атап өтілгендей, бұл жаңашылдықтар Қазақстан Республикасының Конституциясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын сәйкестендіру мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар, бағдарламаға оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» жаңа оқу курстарын енгізу ұсынылып отыр.

Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылғы 17 тамызға дейін жалғасады.

Желі қолданушыларының реакциясы: Қолдау ма, әлде күмән бе?

Бастама әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары, ата-аналар мен педагогтар арасында бұл жаңашылдыққа қатысты түрлі пікір қалыптасты.

1. Сағат саны мен пән атына қатысты наразылық

Көптеген қолданушылар пәннің атын өзгерткеннен өнімді нәтиже шықпайтынын, басты мәселе оқу сағатында екенін алға тартып жатыр:

«Менің ойымша, пәннің атына емес, сағат санына мән беру керек сияқты. Өйткені бүгін үйренген затты келесі аптаға дейін ұмытып қалады. Сол себепті аптасына 2 сағаттан болса, мына цифрлық дамып жатқан заманда болашақта керек пән».

«Дұрыс емес, ЖИ ол информатиканың бір бөлімі ғой, соның ішіне кіріп тұр. Сонда атауын өзгертетіндей ЖИ бойынша неше сағат кіріктірілді? Қандай тақырыптарды қысқартты? ЖИ бізде факультатив еді, енді алып тасталды».

2. Заңдық курстардың қажеттілігіне күмән

Құқықтық курстардың көбейгеніне қатысты да сұрақтар аз емес:

«Ал құқық негіздерін онсыз да өтіп жүрді ғой, енді оның үстіне курс қосыла ма? Сонымен қатар заң мен тәртіп, конституция негіздері, заңға байланысты 99 пән, курстың қандай қажеттілігі бар?»

 «Құқық сағат беріп жатсыздар, аптасына қанша рет болады?»деген сұрақтар қоюда жұрт.

3. Талқылаудың формальдылығы мен ЖИ-ді енгізуге қарсылық

Кейбір қолданушылар бұл өзгерістерді мүлде артық деп есептейді немесе қоғамдық талқылаудың ашықтығына күмән келтіреді:

«Кімге ұсынды? Өзіне-өзі ме? Халық не айтса да құлақтарына іліпті, аха! Уже кітаптар құрастырылып, баспадан шығып жатқан шығар».

«ЖИ-дың мектепке қажеті жоқ деп ойлаймын...»

Қоғам өкілдері мектепке заманауи жасанды интеллект бағытын енгізуді қолдағанымен, жалаң «атау өзгертуден» қарағанда сапалы оқу бағдарламасы мен жеткілікті сағат санының болғанын талап етуде. Құжат жобасы 17 тамызға дейін ашық талқылауда болғандықтан, кез келген азамат «Ашық НҚА» порталында өз ұсынысын қалдыра алады.

Барлық жаңалықтар