Оқу ағарту министрлігі білім саласын цифрландыру мұғалімнің жүктемесін азайтады деп мәлімдеп келеді. Ресми дерек бойынша, «Ұстаз» платформасына 635 мыңнан астам педагог тіркелген. 94 мыңнан астам мұғалім осы жүйе арқылы аттестаттаудан өткен немесе өтіп жатыр деп жазады Democrat.kz.
Платформа еңбек өтілі, білім деңгейі мен қызмет орны туралы мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алуға тиіс. Бірақ министрліктің өз ақпаратында сабақ сапасы, кәсіби жетістік және педагог белсенділігі туралы кейбір деректердің арнайы модульге әлі де қолмен енгізілетіні жазылған.
Яғни платформа қағаз құжаттардың бір бөлігін азайтқанымен, ақпаратты қайта толтыру міндетін толық жойған жоқ. Министрліктің платформаның жұмысы туралы есебінде мұндай деректерді кім енгізетіні және кім растайтыны да көрсетілген.
Ендігі жоспар одан да ауқымды. Үкімет барлық электрондық күнделік пен журналдағы мәліметті Ұлттық білім беру деректер қорына жинап, QazTech мемлекеттік бұлтты платформасында шоғырландырмақ. Сонымен қатар шағын жинақты мектептерде «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен жасанды интеллект репетиторларын сынау көзделген.
Үкіметтің ресми хабарламасында бұл жүйелер мұғалімнің күнделікті жүктемесін азайтады деп жазылған.
Бірақ жүктеменің нақты қанша сағатқа қысқаратыны, бұрынғы платформалардың қайсысы жабылатыны, бір ақпаратты бірнеше жүйеге енгізу тоқтай ма – бұл сұрақтардың жауабы ашық айтылмаған.
Цифрландырудың нәтижесі жаңа платформаның санымен емес, мұғалімнің есепке жұмсайтын уақытының нақты қысқаруымен өлшенуі керек.
Жасанды интеллект енгізіледі, әдістемесі әлі әзірленуде
Жаңа оқу жылынан бастап 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнін «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатиканы» «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгерту жоспарланған.
Бағдарламаларға жасанды интеллект бойынша 43 жаңа оқу мақсаты қосылған:
бастауыш сыныптарға – 17;
5–9-сыныптарға – 14;
10–11-сыныптарға – 12 оқу мақсаты.
Оқушыларға промпт құрастыру, ЖИ берген ақпаратты тексеру, жеке деректерді қорғау, академиялық адалдық, машиналық оқыту, нейрондық желі және қолданбалы криптография негіздері оқытылмақ.
Алайда 6 тамыздағы ресми ақпаратта жаңартылған бағдарламалардың әлі бекіту сатысында екені, ал мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдардың әзірленіп жатқаны айтылған. Бұл туралы 24KZ арнасы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқу жылы басталардан бірнеше апта бұрын бағдарлама бекітіліп үлгермесе, мұғалім қыркүйекте нені басшылыққа алады? Жасанды интеллектіні оқыту үшін барлық мектептің интернеті мен техникасы жеткілікті ме? Қазақ тіліндегі сапалы оқу материалдары дайын ба?
Бұл сауалдарға да жарияланған ашық диалог қорытындысынан жауап табылмайды.
Аттестаттаудағы өзгерістің мерзімі анығырақ
Кәсіби даму мен аттестаттау бағытындағы кейбір шешімдердің мерзімі нақты көрсетілген. Министрліктің мәліметінше, жаңа модельде жұмыс істеп жүрген педагогтердің басым бөлігі үшін пәндік білімді бағалау тесті алынып тасталады. Тестілеу педагогикалық мамандыққа алғаш келген түлектерге, ұзақ үзілістен кейін қызметін қайта бастаған мамандарға, мектеп басшыларына, орынбасарлар мен әдіскерлерге сақталады.
Сонымен бірге:
эссе жазу;
ғылыми мақала жариялау;
авторлық бағдарлама әзірлеу;
оқу-әдістемелік материал ұсыну талаптары алынып тасталмақ.
Аттестаттау мұғалімнің күнделікті жұмысы, сабағының сапасы, оқушы нәтижесі және тәрбие жұмысы негізінде жүргізіледі. Педагогтің еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктері «Ұстаз» платформасында жинақталады.
Министрліктің ресми түсіндірмесіне сәйкес, жаңа аттестаттау жүйесі толық көлемде 2027 жылдан бастап енгізіледі. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектен пилоттық кезең басталады.
Бұл – «қашан?» деген сұраққа салыстырмалы түрде нақты жауап берілген бағыт. Дегенмен педагогтің сабағын кім және қандай өлшеммен бағалайтыны, комиссия шешіміне шағымдану тәртібі мен цифрлық деректердегі қатені түзету жолы толық әрі түсінікті түрде жариялануға тиіс.
Жаңа міндетті курстар мұғалім жүктемесіне қалай әсер етеді?
2026–2027 оқу жылынан бастап мектептерге тағы үш міндетті курс енгізіледі:
5–7-сыныптарға – «Конституция негіздері»;
8–11-сыныптарға – «Заң және тәртіп»;
5–11-сыныптарға – «Жеке қауіпсіздік».
Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылмақ. «Таза Қазақстан» аясында «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталады. Бұл өзгерістерді Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде жариялады.
Алайда курстарға жеке сағат бөліне ме, әлде басқа пәндердің мазмұнына кіріктіріле ме? Оларды қай маман жүргізеді? Мұғалімге қосымша ақы төлене ме? Оқулық пен әдістемелік құрал қашан беріледі?
Егер жаңа міндеттер қолданыстағы сағат пен жалақыға қосыла салса, «мұғалім жүктемесін азайту» туралы сөз бен нақты жағдайдың арасы тағы алшақтайды.