Оқу ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған "аттестацияның жаңа ережелеріне" қатысты ақпараттың асты қарсылық, наразылық білдірген мұғалімдердің пікіріне толды деп жазады Democrat.kz.
Министрліктің Инстаграмдағы парақшасында қазақстандық педагогтардың қарсылық пен наразылық білдірген пікірі сағат санап көбейіп жатқаны сонша, "аттестацияның жаңа ережелері" деген жаңалық педагогтарды сілкінтіп жібергендей.
Сондай пікірдің бірін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
"Жаңа ережеге қарсымын! Аттестацияны осы неге өзгеріс енгізіп, сынақ алаңына айналдырасыздар?
Мұғалмдер жетісіп жүрген жоқ, бала оқыта ма, мақала жариялап, оны журналға қалай жариялаймын деп басы қата ма?!
Ауылдық жерде қайдағы тәлімгерлік қанша мұғалімге, қайдан табады жас маманды тәлімгер болатын? Тест алынғанда қуанып еді, зая кетіпті қуанышымыз.
Одан сайын қиындатып жіберген. Бастауыш сыныбы қалай жоба қорғайды?! Әріп танып, сауаттылыққа үйреніп алсын әуелі.
Бала мен мұғалімнің миын ашытып, қай кезде білім алады оқушы?!
Министр ханым, сізді мұғалімдерді қорғайтын, солардың жағдайын түсінетін, білім сапасын жақсартатын министр келді деп қуанып едік. Аттестациядағы мына өзгерісті тоқтатыңыз. Мұғалімдерге сапалы білім беруге жағдай жасаңыз!"деп жазды ашынған ұстаз.
Осыған ұқсас қарсы пікір жазып жатқан мұғалім саны сағат санап артуда. Әйтсе де, әзірге министрлік тарапынан мұндай пікірлерге ресми жауап берілмеді.