Оқушымыз шетелге көптеп кетуде: Шарасыздық па, дұрыс таңдау ма?

Оқушымыз шетелге көптеп кетуде: Шарасыздық па, дұрыс таңдау ма?

Қазір ҰБТ-ның қызған шағы. Биыл 216 мыңға жуық түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті.

Мұның сыртында ҰБТ тапсырмайтын, орнына ел аузында орысша МЭСК дейтін атауы айтылатын Кэмбридждің халықаралық емтихан кеңесінің (Cambridge International Examinations, CIE) сынағынан өтетін НЗМ түлектері бар. Қызық осы жерде. НЗМ оқушысы елдегі жоғарғы оқу орнында оқуға ниет етсе, әлгі МЭСК-тің нәтижесін кәдімгі теңгені долларға айналдырғандай ҰБТ-ға аударады. Екі сынақты салыстырсаңыз, ҰБТ МЭСК-тен әлдеқайда жеңіл. МЭСК тапсырмалары жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасының деңгейіне жетеқабыл. Кілтипан осы жерде. Бір ғана мысал. Шетелдің оқу орындарына қабылдануға қажет SAT (Scholastic Assessment Test немесе Scholastic Aptitude Test) емтиханының 1 600 баллының 1540-ын жинаған бала МЭСК-тен төмендеу көрсеткіш алып, ҰБТ-ға шаққанда 112 балл жинапты. Оның қалаған мамандығына мұндай нәтижемен Қазақстанда тек ақылы ғана оқи аласың. Есесіне Еуропа мен Оңтүстік Кореяның белді университеттері оған тегін грант беріп, өздеріне шақырып отыр. Әрине ол түлек шетелді таңдайды. Парадокс! НЗМ оқушысы әлемнің мықты университеттеріне грантқа түсе алады да, өз елінде конкурстан өте алмай қалуы мүмкін. НЗМ оқушылары шетелге оқуға құмар дегенді құлағым жиі шалып қалады. Мына жағдайдан кейін кейбірі бәлсінгендіктен емес, шарасыздықтан шетке кетуге мәжбүр ау деген ойға қаласың.
ҰБТ мен МЭСК-ті салыстырайық. ҰБТ төрт жауаптың біреуі дұрыс дегенге құралған тест форматында өтеді. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ойламаған жерден көп дұрыс жауап жинау ықтималдығы жоғары. ҰБТ-ның проблемасы білімді біржақты ғана бағалау жүйесімен, ақпаратты түсінбей тек жаттап алу мүмкіндігін беретін осалдығымен байланысты. Оның ар жағында үлкен әлеуметтік әділетсіздік жатыр.
НЗМ оқушылары кемінде 8 пәннен МЭСК сынағын тапсырады. Әр пәннің емтиханы 3 бөліктен тұрады. Оның екеуінде оқушы математика болса, берілген есепті шығарады, қазақ немесе орыс тілі болса эссе жазады, химиядан теңдеу құрып, зертханалық жұмыс өткізеді. Бұл жерде жауаптарды таңбалай салып құтылып кету жоқ. Ол аз десеңіз, бұл емтихандарды түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тапсырады. ҰБТ соңғы кездері мектептер үшін жоғары көрсеткіштер жолындағы бәсекеге айналып кетті. Баяғыдағы социалистік жарыстарда 100 қойдан 150 қозы алған шопандардың күмәнді жетістіктерін еске түсіреді. Ал нақты білім деңгейі төмен екенін президент Тоқаевтың өзі бірнеше мәрте айтты. Оқушылардың білім деңгейін саралайтын PISA халықаралық зерттеуінде еліміз 80 елдің ішінде 50-60-орыннан аса алмай келеді. Оның өзінде бұл зерттеудің емтиханына біздің шенеуніктер орта мектепке РФММ мен НЗМ қосып жіберген қулығының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Ал негізінен НЗМ, РФММ түлектері тапсыратын SAT секілді шетелдің оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін халықаралық емтиханда оқушылары ең жоғары ұпай жинаған елдердің арасында Қазақстан алдыңғы ондыққа кіреді. Әрі қарай өзіңіз саралай беріңіз! Осы жерде Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері ойланатын мәселе туып тұр.
НЗМ оқу грантына ие болған әрбір оқушы үшін мемлекет жылына тек оқуының өзіне кемінде 2 миллион теңге жұмсайды. Бір ғана оқушының 7-сыныптан 12-сыныпқа дейін 6 жыл оқуына мемлекет 12 миллион теңге бөледі. Қазақстандағы барлық НЗМ-да қазір 17 884 оқушы болса, олардың оқуына мемлекет жұмсайтын қаржы – 214 млрд 608 млн теңге! Яғни мемлекет осыншама қыруар қаржыға шетелдің университеттеріне білім сапасы жоғары абитуриенттер дайындап беріп отыр. Есесіне Қазақстанның жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің сапасы соншалықты дәрежеде төмендейді. Демек бәсеке де кемиді. Оның соңы маман сапасына әсер етеді.
Шетке кеткендердің бір бөлігі сол елде қалып қоятыны анық. Еуропа секілді кәрі құрылық қазір білімді жас мамандарды өзінде қалдыруға барын салады. Онсыз да саны аз қазақтың шын мәнінде толық білімді жастары шетке кетсе, онда НЗМ секілді мектептерден Қазақстанға не қайыр? Ал сол жағдайды өзіміз қолдан жасап отырғанымыз қалай? Меніңше НЗМ секілді мектептердің түлектері үшін Қазақстанда оқуға түсу шарттарын қайта қарастыру керек. Ниет болса, оның да жолын табуға болады. Біз мысалы әскерге барғаны үшін ғана оқуға грант беріп жатырмыз ғой? Әйтпесе біз шетелге сапалы түлектер дайындап беріп отыра береміз. Дәнеш АСҚАРБЕКҰЛЫ, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар